Берік отбасы - тұрақты қоғам негізі. Қазір жастар кеш үйленіп, сәбиді саналы түрде дүниеге әкелгісі келеді деген түсінік бар. Бірақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мұны теріске шығарды.
Керісінше, отбасын құру мен бала сүю - көп жастың арманы деген дерек келтірді. Ұйымның жаңа зерттеуінде демографиялық үрдістер терең талқыланған.
Отбасы – шағын мемлекет деп жатамыз. БҰҰ-ның жаңа зерттеуіне сәйкес, кейінгі жылдары отбасын құрып, бала сүйгісі келетін жастар қатары көбейген. Тек азаматтардың жолын көбіне қаржылық қиындықтар мен тұрақсыз еңбек нарығы байлайды.
Әлемнің 73 мемлекетінде жүргізілген сауалнамада қатысушылардың 88 пайызы дүниеге сәби әкелу үшін ең алдымен қаржылық тұрақтылық қажет дейді. Тағы орнықты жұмыс пен жеке баспананың болуы басты шарттардың бірі ретінде аталды.
Диене Кейта, БҰҰ Халық қоныстануы қорының атқарушы директоры:
- Қазір жастар шаңырақ көтеріп, жауапкершілік алудан қашпайды. Бұл тұста, 25 пен 39 жас аралығында өмірлік серігін тапқысы келетін жастардың төрттен бірі әлі күнге дейін жалғыз. Олар отбасын құруға ниеттің жоқтығынан емес, ертеңіне сенімсіз болғандықтан асықпайды. Сондықтан әр адамға өміріндегі маңызды шешімдерді еркін қабылдауға мүмкіндік беретін әлеуметтік жағдай қалыптастыру қажет.
Биыл жыл басында Еуропалық одақ халқының саны 452 миллион адамға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 706 мың адамға көп. COVID-19 пандемиясынан кейін халық саны бесінші жыл қатарынан өсіп келеді. БҰҰ дерегіне сәйкес, 2025 жылы Орталық Африка Республикасы, Нигерия және Сомалиде балалардың үлесі жоғары болған. Ал жастар саны аз елдер қатарында Оңтүстік Корея, Жапония және Сингапур бар. Түркияда 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер үлесі – 24,8 пайыз. Бұл әлемдік орташа деңгейден төмен болғанымен, Еуроодақтың барлық елінен жоғары. Десе де елде халықтың қартаю үрдісі үдеген.
Макс Планк, Қоғамының Кёльн қаласындағы Қартаю биологиясы институтының мамандары:
- Дені сау адам өмірінің табиғи шегі – 120 жас. Адам ағзасы бұдан ұзақ өмір сүруге қабілетті емес. Ұзақ жасайтын адамдар санының артуына - өмір сүру жағдайының жақсаруы мен халықтың әл-ауқатының артуы және медицинаның дамуы себеп.
Мамандар әлемде демографиялық өзгерістердің жаңа кезеңі басталды дейді. Сондықтан бүгінде қарттық әлсіздік емес, өмірлік тәжірибенің шоғырланған шыңы деп танылған жаһандық үрдіс ретінде қарастырылып отыр. Ал мемлекеттер үшін негізгі міндет – жастардың отбасы құруына қолайлы жағдай жасап, қартаю үдерісіне бейімделген тиімді әлеуметтік саясат қалыптастыру.
Авторлары: Нұрбике Жігер, Мұрат Әріпханов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #отбасы институты #статистикаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz