Түркістан облысының Түлкібас ауданында 1 ғасырдан астам тарихы бар көне теміржол вокзалы, заман талабына сай қайта жаңартылып, пайдалауға берілді.
1916 жылы салынған ескі вокзал былтыр бұзылып, енді орнына екі қабатты жаңа ғимарат бой көтерді. Бұл игілікті жоба Мелмекет басшысының көлік инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол вокзалдарын жаңарту жөніндегі тапсырмасына орай жүзеге асырылды.
Заманауи талаптарға сай жабдықталған Жаңа вокзал Тәулігіне 190 жолаушыға қызмет көрсете алады. 90 орындық кең күту залы, заманауи жеделсатылар, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана жұмыс істейді. Одан бөлек, ана мен бала бөлмесі, медициналық пункт, полицияның қызметтік кабинеті жасақталған. Ең бастысы, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қатынауына жағдай жасалған.
Батырхан Тоғызов, Т. Рысқұлов ауылының тұрғыны:
- Осы күнге дейін бізге қызмет етіп келе жатқан вокзал ғимараты көнеріп, ескірген еді. Мұнда барлық кабинеттік жүйелер жаңа жабдықтармен жабдықталған, іші-сырты тап-таза. Көлік қоятын алаңдарға дейін жасалынып, халыққа игілікті іс болып отыр. Жаңа нысанда елдің игілігі үшін қызмет етсе деген ниетіміз бар.
Айша Бабажанқызы, Түлкібас ауданының тұрғыны:
- Біраздан бері бұзылып, жөнделіп жатқан кезде көңілім ортайып қалғаны рас. «Үлкен тарихи ескерткіш еді ғой» деп ойладым. Енді қазір көріп, мәз болып тұрмын. Өйткені оның бұрынғы қалпы сақталған, басқаша өзгеріп кетпеген. Сол деңгейде жаңартылып, әдемі дизайнмен салынғанын көріп, қуанып тұрмын.
Бұрынғы ғимараттың аумағы 340 шаршы метр болса, жаңасы 890 шаршы метрге дейін кеңейтілген. Одан бөлек, жолаушыларға арналған ұзындығы 540 метрлік перрон жаңа кейіпке енген. Аумақ толық абаттандырылып, бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылған.
Бауыржан Рысқұлбекұлы, Түлкібас вокзалының бастығы:
- Жолаушылар өтетін көпірді де жаңалап, бетон плиталарын ауыстырып, мәрмәр қаптама төселді. Қоршаулары да ауыстырылды. Бәрі заман талабына сай келеді. Түлкібас станциясында бүгінгі күні 400-500 адам еңбек етеді.
Түлкібас теміржол вокзалы – өңірдің жолаушылар тасымалы мен көлік-логистикалық жүйесі үшін стратегиялық маңызды нысандардың бірі. Жаңа вокзал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, Түлкібастың жаңа келбетін айшықтай түсері анық. Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 5 бірдей теміржол вокзалының инфрақұрылымы толықтай жаңартылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түлкібас #вокзал #жаңартуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz