RU
Толық нұсқаға өту

Агросалаға 460 грант бөлінді

17.08.2026, 23:07 28

Қызылордалық жоғары сынып оқушылары агросаланың қыр-сырына қанық болды.

Білікті маман болуды көздеген жастар Дауылкөл ауылындағы Егіс алқаптары мен өңдеу цехтарының жұмысымен танысты. Өңірде ауыл шаруашылығы дамуымен қатар, сапалы кадрға сұраныс артып келеді. Кездесуді ұйымдастырушылардың мақсаты – жастардың салаға қызығушылығын арттыру. 

Қармақшылық жоғары сынып оқушылары ауыл шаруашылығы саласының қыр-сырын ұғынып жатыр. Агросаланың білікті маманы болуды мақсат еткен 50-ге жуық жас Дауылкөл ауылдық округіне арнайы барды. Жас өрендер жүгері мен күріш алқабындағы дала жұмыстарын көріп, макарон және мақсары майын өндіретін цех тынысымен танысты. 

Еркеназ Мұқамедқали, оқушы:

- Бізде жүгері алқаптарының өндірісі жақсы дамып жатыр. Макарон цехы және мақсары жинау жұмыстары да жолға қойылған. Бұлардың барлығы болашақта жақсы нәтиже береді деп ойлаймын. Өте қызық тақырып – ауыл шаруашылығы. Әркім өзінің туған жеріне өз үлесін қосса, болашақта еліміз, жеріміз дамып, көркейеді деген ой бар. 

Биыл Дауылкөлде 3255 гектарға егін егілді. Бұл – былтырғыдан 300 гектарға артық. Мамандардың айтуынша, ауылда өнім түрлерін әртараптандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. 

Сабырхан Заиров, Дауылкөл ауылдық округінің әкімі:

- Егістікті әртараптандыру бойынша жүгері дақылын егу қолға алынды. Атап айтатын болсақ, биылғы жылы ауылымызда 300 гектар жүгері егілді. Қазіргі таңда тиісті агротехникалық күтіп-баптау жұмыстары жүргізіліп отыр. Құдай қаласа, жақсы өнім күтеміз. 

Жалпы облыс бойынша биыл 186 мың гектарға жуық жер өңделді. Оның ішінде дәндік жүгері алқабы 5 есе көбейіп, 10 мың гектарға жетті. Сала мамандары агросекторда тұрақты өсім бар екенін айтады. 

Талғат Дүйсебаев, Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Өңірде ауыл шаруашылығы жалпы өнім көлемі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға артып, 34 миллиард 900 миллион теңгеге жетті. Тамақ өнімдерін өңдеу өндірісі 11,3%-ға артып, 48 миллиард 600 миллион теңгеге жетті. Жалпы осы 6 айда ауыл шаруашылығы саласына тартылған инвестиция көлемі өткен жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда екі есеге дейін өсіп, 17 миллиард 600 миллион теңгені құрады.

Аграрлық секторды дамыту үшін білікті кадрлар ауадай қажет. Осы мақсатта биыл өңірде ауыл шаруашылығы мамандықтарына 460 грант бөлінді. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 50 грантқа артық.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz