Қазақстан мен Өзбекстан ғарышты игеру бойынша бірнеше бастаманы қолға алды.
Соның бірі трансшекаралық суларды әуеден бақылау жобасы. Бірлескен жоба жүзеге асса, Орталық Азия аймағы үшін үлкен олжа болары анық. Себебі тіршілік нәрінің тапшылығы жыл өткен сайын үлкен мәселеге айналып барады.
Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер көптеген бағытта бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі. Соның бірі ғарыш саласы. «CubeSat» спутнигін құрастыру үшін бауырлас мемлекеттердің бір топ инженері қазір Қазақстанда жұмыс істеп жатыр. Олардың ішінде өзбекстанның да сала мамандары бар.
Қуандық Шүленбаев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары:
- Қазақстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан үшін де өте маңызды. Біз күш-жігерімізді біріктірсек, мұздықтардың қандай жылдамдықпен еріп жатқанын және қай су арналарын тазарту қажет екенін біле аламыз. Себебі сортаңдану, батпақтану сияқты мәселер бар. Ғарыштан бақылау осындай түйткілдерді алдын алуға мүмкіндік береді.
Трансшекаралық суларды әуеден бақылау идеясы әзірге талқыланып жатыр. Бастапқыда ол ғылыми жоба ретінде жүруі мүмкін. Кейін оны толық платформа ретінде қалыптастыру мүмкіндігі қарастырылмақ.
Бехруз Мирзаев, "Өзбеккосмос" агенттігі халықаралық қатынастар бөлімінің бас маманы:
- Ғарыштық мониторинг бойынша біз қазақ тарапының тәжірибесін зерделедік және кейбір маңызды бағдарламаларды өзімізге енгіздік. Трансшекаралық суларды әуеден бақылау идеясы қазір өзекті. Сондай-ақ, біз Түркі мемлекеттері ұйымы аясында Қазақстан әзірлеп жатқан жерсерікті құрастыру және оны ғарыш кеңістігіне шығару бойынша жұмыс істеп жатырмыз.
Түркі ұйымына мүше мемлекеттер Қазақстанның ғарыш саласындағы тәжірибесіне сүйене отырып, біріккен жобалардың жүзеге асарына сенміді. Және осы бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін айтады.
Дулат Нуркин
Тегтер #Таңдаулы #Қазақстан #Өзбекстан #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz