Шығыс Қазақстанда жол-көлік апаты ең көп болатын Өскемен-Риддер республикалық тас жолындағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.
Қазір күре жолдың соңғы қырық шақырымына асфальт төселіп жатыр. 105 шақырымға созылып жатқан бұл бағыт жолаушыларды талай жылдан бері әбден титықтатып келген еді.
Қиын жолдан қажыған жұрт Өскеменге үш сағатта әрең жететін. 11 елді мекенді облыс орталығымен байланыстыратын күрежол қашан толық қолданысқа беріледі?
Көлік жүргізушілері үшін бұрын Өскемен мен Риддердің арасындағы бұл жолды жүріп өту нағыз азап еді. Шұрық-тесік жердің көп болғаны сонша, тіпті оны айналып өту де қиынға соқты. Александр Попов сол ескі жолдың әр шұңқырын жатқа білетін. Өйткені жұмыс бабымен екі қалаға жиі қатынайды. Қазір тақтайдай жолды тез еңсеріп жүр.
Александр Попов, Риддер қаласының тұрғыны:
- Бұрын жолдың сапасы тым нашар болды. Сондықтан өте баяу жүруге тура келді. Сөйтіп, үш-үш жарым сағатта әрең жүріп өтетін едік. Қазір міне 2 сағатта діттеген жерімізге жете аламыз.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Жұмыс қарқынын бәсеңдетпеу үшін мұнда асфальт екі қаладан, Өскемен және Риддерден тасымалданып жатыр. Жабындының бірінші қабаты толық төселіп бітті, ал екінші қабатын аяқтауға 40 шақырымдай жер қалды.
Күре жолды тақтайдай ету оңайға соқпады дейді жолшылар. Өйткені жер бедері күрделі, оның үстіне топырақ ылғалы да жоғары. Сондықтан қайта-қайта ісініп кететін учаскелерді бастан аяқ қопарып жаңадан салуға тура келген.
Рамис Ибрагимов, мердігер мекеме директоры:
- Әсіресе 58-шақырымнан бастап ары қарайғы 14 шақырым жол бөлігін жөндеу қиынға соғып, ұзаққа созылды. Себебі ол учаскеден жерасты суы өтеді. Соның бәрін жою үшін 70 мың текше метр тас әкелдік.
Салынғанына 50 жылдан асқан су өткізу құбрылары да түгелдей ауыстырылды. Жалпы республикалық маңызға ие жолдарда бұрын-соңды мұндай ауқымды жұмыс атқарылған емес.
Нұрбек Темірханов, “Қазавтожол” ҰК ШҚО филиалының директоры:
- Бұрын қаржы тапшылығы көп жұмысқа кедергі болды. Шамамен 20-30 шақырымды әрең аяқтайтын едік. Яғни осылай Өскемен-Риддер немесе Өскемен-Шемонаиха бағыты сияқты ауқымды жөндеу жүргізіліп көрген жоқ.
Осылайша көп күткен күре жол күзде толық аяқталып қолданысқа беріледі, дейді мамандар. Мердігер мекеменің жауапкершілігі де күшейтілді. Жаңғыртылған жол сапасына беретін кепілдік мерзімі бұрынғыдай екі жыл ғана емес, 5 жылға ұзартылған.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Өскемен #Риддер #көлік апаты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz