Қазақстанның ұлттық құрамасы IGeO 2026 халықаралық география олимпиадасында 2 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алып, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды, деп хабарлайды «24KZ».
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Қостанай қаласындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы Андрей Енбахтов алтын медаль жеңіп алып, жеке есепте абсолютті чемпион атанды. Ол осымен екінші жыл қатарынан IGeO олимпиадасының алтын медалін иеленіп отыр.
Жетісу облысындағы Мұхтар Арын атындағы №24 мамандандырылған лицейдің 10-сынып оқушысы Бекбол Дарын алтын медаль жеңіп алып, жеке есепте 9-орынға тұрақтады.
Шығыс Қазақстан облысындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Амир Дарынов пен Алан Козленко күміс медаль иеленді. Осылайша, Қазақстан құрамасының барлық төрт мүшесі де халықаралық олимпиаданың жүлдегері атанды.
Олимпиада 11-17 тамыз аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында өтті. Оған ұлттық іріктеу кезеңдерінен өткен 50 елдің 184 оқушысы қатысты.
Қазақстан құрамасына республикалық және халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Абай Дүйсен мен NU студенті Алмас Искендиров жетекшілік етті.
Қазақстан халықаралық география олимпиадасына 2012 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында қазақстандық оқушылар 7 алтын, 6 күміс және 7 қола медаль жеңіп алды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Қазақстан құрамасы #география олимпиадасы #білім #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz