RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда алимент төлеу тәртібі өзгереді

18.08.2026, 19:40 36

Елде алимент төлеу тәртібі өзгереді. 25 тамыздан бастап ақша арнайы шотқа түседі. Ол шот алушының өзге міндеттемелері бойынша бұғаттаудан және өндіріп алудан қорғалған.

Бүгінде баласына алимент төлемей, миллиардтаған теңге қарызы барлар жетерлік.

Малика Хасанова төрт жыл тұрмыста болған. Некеде қызы дүниеге келеді. Алайда күйеуінің көзіне шөп салуынан шаңырағым шайқалды дейді ол. Алғашқы жылдары Малика баласын өзі бағып-қағып, барлық салмақты жалғыз көтеріп жүріпті. Кейін баласының әкесі ата-аналық міндетін орындай бастайды деген үмітпен алимент өндіруге өтініш берген. Біраз уақыт ақша тұрақты түсіп тұрғанымен кейін сап тыйылыпты. Тіпті бірнеше рет бұрынғы күйеуінің үстінен іс қозғалып, берешегі 700 мың теңгеге жеткен.

Малика Хасанова, Астана қаласының тұрғыны:

- Баланың әкесінің ресми табысы жоқ. Алимент Қазақстандағы орташа жалақы мөлшеріне қарай есептелді. Сол кезде шамамен 432 мың теңге болды ғой деймін. Соның 25 пайызын, яғни 113 мың теңге алимент төлеуге міндеттелді. 8 ай бойы еш қиындықсыз алып отырдым. Кейін ол хабарсыз кетіп, телефонға жауап бермей қойды. Кейін байланысқа шыққанымда «Қазір мүмкіндігім жоқ, проблемаларым бар, әзірге төлей алмаймын», – деп жауап берді.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет алимент аудару тетігіне бақылауды күшейтіп отыр. 25 тамыздан бастап өндіріп алынған алимент қаражаты арнайы банк шотына түседі.

Гауһар Досжанова, ҚР Әділет министрлігі Жеке сот орындаушыларының қызметін бақылау басқармасының басшысы:

- Бұған дейін алимент түсетін банк шоттарының арнайы құқықтық қорғалатын мәртебесі болған жоқ. Алимент ретінде түскен қаражат алушының өзге ақшасымен араласып кететін. Соның салдарынан шоттағы қаражаттың қайсысы алимент, қайсысы алушының жеке қаражаты екенін ажырату мүмкін болмады.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, арнайы шот бұған дейін де болған. Алайда оны ашу міндетті емес еді. Енді тәртіп өзгермек. Арнайы шот алимент қаражатын қосымша қорғауға мүмкіндік береді. Заңға сәйкес, мұндай шоттағы ақшаны бұғаттауға және оны өзге міндеттемелер бойынша өндіріп алуға болмайды. Яғни қаражат баланы немесе еңбекке жарамсыз адамды асырауға жұмсалуы үшін сақталады.

Ерлан Оңтаев, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы төрағасының орынбасары:

- Алимент алушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Олар екінші деңгейлі банктерден арнайы шот ашуы керек. Қазір екінші деңгейлі банктер өтініш білдірген азаматқа мұндай арнайы шот ашуға міндетті. Оны ашу қиын емес. Кейбір банктер бұл қызметті онлайн түрде де көрсетеді.

Дегенмен арнайы шоттың болмауы борышкерді алимент төлеу міндетінен босатпайды. Бірақ алушы банк деректемелерін ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты оған аудару мүмкін емес. Мұндай жағдайда сот орындаушысы өндіріп алушыға арнайы шот ашу қажеттігін хабарлауға тиіс. Ал банк деректемелері ұсынылған соң ақша белгіленген тәртіппен алушыға аударылады. Яғни, арнайы шоттың болмауы берешекті жоймайды. Сол кезеңдегі қарыз сомасы есепте тұрады және кейін өндіріп алынуға тиіс.  Әділет министрлігінің мәліметінше, қазір алимент өндіруге қатысты 300 мыңнан астам атқарушылық іс орындалып жатыр. Оның шамамен 12 мыңы проблемалық іс саналады. Бұл істер бойынша алимент берешегінің жалпы көлемі 19 миллиард теңгеге жеткен. Ал алимент төлеушілердің 97 пайызы – ер адамдар.

300 000+ – атқарушылық іс

12 000 – проблемалық іс

19 млрд теңге – жалпы берешек

ҚР Әділет министрлігінің дерегі

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Әлішер Әшімов, Ақылбек Есімсейітов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz