Құрылтай сайлауы қарсаңындағы «Басты теледебат» 19 тамызда сағат 20:00-де өтеді. Орталық сайлау комиссиясының тапсырысымен ресми іс-шараны «Хабар» Агенттігі ұйымдастырып отыр.
Пікірсайыс «24KZ» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Саяси науқанның қорытынды дебаты қалай өтеді және оның басты ерекшеліктері неде?
«Соңғы түйенің жүгі ауыр» демекші, Құрылтай сайлауы алдындағы басты пікірсайысты өткізу міндеті «Хабар» Агенттігі «24.kz» телеарнасына жүктелді. Орталық сайлау комиссиясы осы жаңалықты жариялаған сәттен соң қызу дайындық басталды. Қазір «Қазмедиа орталығында» арнайы алаң құрылып, агенттік ұйымдастыру жұмыстарына кірісіп кетті. Еске салсақ, бұған дейін апта сайын үш телеарнада дебат өтіп, оған 7 партияның өкілдері қатысқан. Ал «Хабар» Агенттігінде өтетін бұл пікірсайыстың өз ерекшеліктері бар.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Біздің дебаттың ерекшелігі – партияның төрағаларының қатысатындығында. Сондықтан да осы біздің арнада өтетін дебатты біз «Басты дебат» деп атап келеміз. Сонымен қатар бірнеше ерекшеліктері бар. Осы дебатты ұйымдастырған кезде әр партияның штабында өздерінің, сол партияның жақтаушылары жиналады көптеген. Сол әр штабтың ішінде біз түсірілім ұйымдастырып, сол дебат болып жатқан кезде партияның жақтастары қолдауларын қалай көрсетіп жатыр, қаншалықты белсенді сол дебатқа атсалысып жатқандарын көрсетеміз.
Сонымен қатар арнада байланыс орталығы ұйымдастырылған. Оған бір апта бойы қазақстандықтар және шетелдегі отандастарымыздан сұрақтар келіп жатыр. Қазіргі уақытта байланыс орталығына 10 мыңнан астам сауал түскен.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Дебаттың бір ерекшеліктері – бір раундын халықтың сұрақтарына арнайымыз. Сондықтан әр аймақтан келіп жатқан сұрақтарды видео түрінде, текст түрінде партияның көшбасшыларына қоюға болады.
«24KZ» телеарнасында өтетін теледебатта партиялардың сөз сөйлеу кезегі де анықталды. Жеребе нәтижесі бойынша пікірсайысты «Республика» партиясы бастайды. Одан әрі кезегімен «Байтақ», «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Әділет», «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және Қазақстан халық партиясы сөз тізгінін алады. Басты дебат тақырыбы – «Дамыған экономика – қуатты қоғам».
Захиджон Хаджиметов, «Хабар» Агенттігі» АҚ бас режиссері:
- Біз көрінісі де, дыбысы да, студиядағы LED-экрандары да үйлесім тапқан заманауи, классикалық әрі әдемі дебат болады деп күтеміз. Өзге дебаттардан айырмашылығы - режиссерлік ұжыммен бірге ойластырылған ерекше шешімдер өте көп, бәрін іске асырып, телекөрерменге жоғары деңгейде көрсетеміз деген үміттемін.
Партия төрағалары бұл пікірсайыста үгіт-насихат науқанын қалай қорытындылайды? Халыққа сайлауалды бағдарламаларын қалай жеткізіп, қандай бастамалар көтереді? Бұның бәрін бүгін сағат 20:00-де «24KZ» арнасынан көре аласыздар. Саяси дода «24KZ» телеарнасының YouTube, Telegram, Instagram және TikTok желілеріндегі ресми парақшаларында да көрсетіледі.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Диас Ковланбаев
Тегтер #Хабар агенттігі #теледебат 2026 #дайындық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz