Ел руханияты үшін тарихи мұраның орыны қашан да айрықша. Жақында ғана Ұлттық музейге Президент жарлығымен «ұлттық» деген мәртебе берілді.
Енді ұлттың жады болған Астанадағы екі мемлекеттік архивтің де деңгейі көтерілмек. Бұл – ел мәдениеті мен рухани байлығына деген құрмет. Ұлттың рухани өзегі, тарихи жады мен болмысын айқындайтын басты құндылықтардың бірі ретінде жаңа Конституцияда ерекше мән берілген.
Қазір музейлер тек құнды жәдігерлер сақталатын орын ғана емес. Олар ғылыми ізденіс пен ағартушылықтың, тіпті цифрлық технологиялар тоғысқан заманауи мәдени орталыққа айналып үлгерді. Айталық, біздегі Ұлттық музей – Орталық Азиядағы жас әрі ең ірі мұражай. Жыл сайын мұнда 600 мыңнан астам адам келеді. Ал Қазақстанда 300-ге жуық осындай рухани орда бар. Олардың қорында 3 млн-нан астам құнды жәдігер сақталған. Жаңа Ата заңда мұндай мәдени мұраны қорғауға кепілдік бар.
Берік Әбдіғалиұлы, ҚР Ұлттық музей директоры:
- Жалпы мәдени мұраны сақтау – жаңа Конституцияда азаматтардың ғана емес, мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі болып қабылданды. Мәдени мұраны сақтап, дәріптеу мемлекеттің үлкен міндеті ретінде қабылданғаны бізді қуантады. Әрбір елді танығанда бірінші музейіне барып таниды екен. Ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихы жазылады.
Сол секілді ұлттық архив те – ұлт тарихының қоймасы. Бүгінде мұндағы қорды толықтырумен қатар, архивті цифрландыру қарқынды. Цифрланған құжаттардың үлесі 3-тен 26 пайызға дейін көбейіп, электронды форматқа 110 миллионнан астам бет көшірілген. Архивте ірі форматтағы құжаттарды цифрлауға арналған зертхана жұмыс істейді. Сонымен бірге миллиондаған материалдың арасынан қажетті мәліметті санаулы секунд ішінде табуға мүмкіндік беретін интеллектуалды іздеу жүйесі енгізілген. Архив ғимаратында 19 арнайы қор қоймасы мен түрлі зертханалар жұмыс істейді.
Сағила Нұрланова, ҚР Ұлттық архив директоры:
- «Ел тағдыры – ердің аманаты» деген қазақта бір тағылымды сөз бар. Ал мемлекетіміздің тағдырын – Ата заңымыз айқындайды. Уақыт өзі сөйлемейді, уақыт үшін құжат сөйлейді. Ал құжат – бұл уақыттың аманаты, шежіресі. Біз архив тұрғысынан қарайтын болсақ, тарихи жадты көздің қарашығындай сақтап қана қоймаймыз, ғылыми айналымға енгізіп, цифрландырып, халыққа қолжетімді етіп, болашақ ұрпақтың игілігіне ұсынамыз. Жаңа Ата заңда мәдениетті, білім-ғылымды және тарихи мұраны сақтау бойынша, конституциялық деңгейде ерекше мән берілгені бұл мемлекеттіміздің тарихи санаға деген жаңа көзқарасы деп білемін.
Ал жаңа Ата заңда білім, ғылым, мәдениет және адам капиталы мемлекеттің стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындалған. Бұл ретте кітапхананың қоғамдағы рөлі де артып келеді. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, Қазақстанда 3912 қоғамдық кітапхана бар. Соңғы уақытта кітап сүйер қауымның да қатары қалыңдаған. Тіпті биыл кітап оқу мәдениетін дамытуға мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп отыр. Мемлекет басшысы кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлыққа қол қоғанын білеміз. Құжатта келер жылға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру, сондай-ақ «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу міндеті қойылған. Жаңа Ата заңның негізгі құндылықтары мен кітапхананың қоғамдық миссиясы осы тұста тоғысады.
Мөлдір Баймұхамбетова, ҚР Ұлттық кітапхананың бөлім жетекшісі:
- Бұрын біз кітапхана дегенде көбіне кітапты алып беруші не болмаса оқырманға қызмет көрсетуші деп қана қабылдайтынбыз. Қазіргі қоғамның пікірі мүлдем бөлек. Неге? Өйткені кез келген елде үлкен рөл атқаратын – осы кітапхана. Сонымен қатар кітапхана ішінде сирек қорлар, мәдени мұраларға жауапты қолжазбалар орталығы екенін алға шығарды. Бүгінгі біздің кітапхана саласының да мәдени мұраны сақтаушы, ұлттық кодты келер ұрпаққа жеткізуші мамандар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Ата заңның 40-бабында азаматтардың тарихи және мәдени мұраны сақтауға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті екені көрсетілген. Демек мәдени мұраны қорғау – тек мемлекеттік мекемелердің ғана емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.
Айнұр Қуатқызы Санжар Біргебаев
Тегтер #тарихи мұра #мәдени мұра #Ата Заң #кепілдікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz