Қазақстанда банктер мен микроқаржы ұйымдарының қаржы өнімдерін ұсынуына қатысты жаңа талаптар енгізіледі. Ережелер 2026 жылғы 12 қазаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды 24KZ uchet.kz-ке сілтеме жасап.
Жаңа талапқа сәйкес, азаматтар кепілсіз қарыз шартын жасасқаннан кейін 14 күнтізбелік күн ішінде одан бас тарта алады. Бұл жағдайда банк немесе микроқаржы ұйымы айыппұл не тұрақсыздық айыбын талап ете алмайды. Клиент тек ақшаны нақты пайдаланған күндері үшін есептелген сыйақыны төлейді.
Сондай-ақ қарызға байланысты ерікті сақтандырудан да бас тартуға болады. Мұндай жағдайда сақтандырудың қолданылған мерзіміне сәйкес сыйлықақының бір бөлігі қайтарылады.
Қаржы ұйымдары клиентке бұл құқық туралы шарт жасалғанға дейін хабарлауға міндетті.
Бұдан бөлек, банктер мен микроқаржы ұйымдарына қаржы өнімінің маңызды талаптарын, құны мен тәуекелдерін жасыруға, сондай-ақ қосымша қызметтерді күштеп ұсынуға тыйым салынады. Алдын ала белгіленген ұяшықтар арқылы клиенттің келісімін алуға да жол берілмейді.
Жаңа ережелер қаржы өнімдерін әзірлеу, жарнамалау және сату тәртібіне қойылатын талаптарды да күшейтеді.
Тегтер #несие #бас тарту #14 күн #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz