Павлодарда трамвай паркі жаңғыртылады. Келер жылы лизинг арқылы 65 жаңа вагон сатып алу жоспарланған. Бұл мақсатқа 49 миллиард теңге қарастырылып отыр.
Трамвай – Павлодардың визиттік карточкасына айналған қоғамдық көлік. Күн сайын қала көшелеріне 80-нен астам трамвай шығады. Шамамен 50 мыңдай жолаушы тасымалданады. Алайда трамвай паркінің тозу деңгейі жоғары. Қызмет ету мерзімін әлдеқашан өтеген ескі трамвайлар әлі де қолданыста. Енді жергілікті атқарушы билік тозығы жеткен вагондарды кезең-кезеңімен жаңартуды қолға алмақ.
Мақпал Қаржаубай, Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы:
- Трамвай паркін одан ары жары жаңарту аясында 2027 жылдың соңына дейін отандық өндірістің үлгісіндегі тағы 65 трамвай вагонын сатып алу жоспарлануда. Сатып алуды қаржылық лизинг арқылы жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері ашық конкурс нысанында жүргізілуде. Конкурстық рәсімдердің қортындысы бойынша өнім беруші анықталып, трамвай вагондарын сатып алу жүзеге асырылатын болады.
Жаңа вагондардың артықшылығы көп. Ең алдымен, трамвайлар төмен еденді болады. Бұл мүгедектігі бар жолаушылар үшін қолайлы. Бір көлік 120 жолаушыға дейін тасымалдай алады.
Баян Серікқызы, Павлодар қаласының тұрғыны:
- Бізде Павлодар қаласы бойынша трамвайлар жаңарып жатыр. Студенттерге өте ыңғайлы, оқушылар болсын, жұмысқа баратын адамдарға трамвай өте маңызды. Керек деп ойлаймын.
Жаслан Ақышев, Павлодар қаласының тұрғын:
- Жұмысқа тұрақты түрде трамваймен барамын. Трамвай автобус қозғалысына лайықты бәсекелес бола алады. Тіпті кейбір автобус бармайтын жерлерге трамваймен жетеміз.
Жаңа трамвайлардың пайдалану мерзімі 18-20 жылға есептелген. Жоспар жүзеге асса қолданыстағы 110 вагонның жартысы жаңартылады. Жаңа вагондар электр желісінде ақау болған жағдайда да қозғалысты жалғастыруға мүмкіндік беретін гибридті жүйемен жабдықталады.
Мүсілім Махмұдов, Жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын басшысы:
- Бізде Беларус өндірісінің 10 жаңа вагоны бар. Олар 20 шақырым және одан да ұзақ қашықтықты еркін жүріп өте алады. Біз оларды толық сынақтан өткіздік. Егер байланыс желісінде немесе қосалқы станцияларда апат болып, электр қуаты өшіп қалса, трамвай тоқтап тұрмайды. Ол бірден автономды режимге ауысып, сол параметрлермен қозғалысын жалғастыра береді.
Павлодардың трамвай депосында 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 15 миллион жолаушы көліктің осы түрімен қатынайды. Сондықтан трамвай паркінің 100 пайыз жаңартылуы қала үшін маңызды. Бұл көлік инфрақұрылымын жақсартып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға және экологиялық таза көлікті дамытуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #трамвай #Павлодар #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz