RU
Толық нұсқаға өту

Президент ТМД волонтерлерінің алғашқы форумына қатысушыларды құттықтады

20.08.2026, 19:08 32

Астанада Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы волонтерлерінің алғашқы форумы басталды. Бұрын соңды болмаған шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған.

Бастама енді достастық елдерінің волонтерлік жобаларын біріктіріп, өзара тәжірибе алмасуға арналған жыл сайынғы тұрақты алаң ретінде құрылды. 2  күнге созылатын жиынның ашылуына Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысты.

Форумның ауқымы да, мұндағылардың айтары да салмақты. Шараның ТМД елдері бірлесуімен өтуі бекер емес. Басқосудың салтанатты ашылуы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысушыларға арнаған құттықтау сөзіне басталды. Лебіз хатын үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді. Мемлекет басшысы жігерлі жастардың бүгінгі бет-алысына оң бағасын берген. Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанның ұсынысымен жариялаған Халықаралық волонтерлер жылында өтуінің мәні ерекше екенін атап өткен.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан осы форумды өткізуді ұсына отырып, ТМД елдерінің волонтерлері тұрақты түрде тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларын халықаралық деңгейде бірлесе ілгерілететін алаң құруды мақсат етті. Біз үшін достықты нығайтып, ынтымақ, мейірімділік пен жанашырлық сияқты ізгі құндылықтарды қоғамға терең сіңіру айрықша маңызды. Қазақстанда волонтерлік адам әлеуетін дамытуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және қоғамда жанашырлыққа негізделген жаңа қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияда еліміздің тарихында алғаш рет волонтерлік қызметті мемлекеттік қолдау ең жоғары құқықтық деңгейде бекітілді. Барша волонтерге айналасына бейжай қарамай, әрдайым көмек қолын созуға және әлемді жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүргені үшін шынайы алғысымды білдіремін. Форум жұмысына сәттілік, бірлескен бастамаларға табыс тілеймін!

Форумның ашылуында Аида Балаева Қазақстанда волонтерлік қозғалыстың жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағыттағы маңызды кезеңдердің бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылдың Волонтер жылы болып жариялануы. Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының 75-сессиясында сөйлеген сөзінде Даму мақсатындағы волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялауды ұсынған болатын.

«Бүгінде осы бастаманың нақты әрі ауқымды нәтижесін көріп отырмыз», - деді Премьер-министрдің орынбасары. Соңғы алты жылда еліміздегі белсенді волонтерлер саны алты есе өсіп, 50 мыңнан 300 мың адамға жетіпті. Волонтерлік ұйымдар саны үш есе артып, 810-ға, ал волонтерлік топтар саны он есе көбейіп, 3,5 мыңға жеткен. Жиында Аида Балаева форум қорытындысы бойынша экология, әлеуметтік және инклюзивті қолдау, сондай-ақ жастар волонтерлігі бағыттарындағы бірлескен бастамалардың тізбесін әзірлеуді ұсынды. Алғашқы жобалардың бірі ретінде  қазан айында өтетін Арал маңы табиғатын қалпына келтіру жөніндегі халықаралық волонтерлік аптаға қатысуы ұсынылды.

Абзал Марат, волонтер:
- Осындай халықаралық деңгейдегі шарада біздің елдің жастары және ТМД жастары опыт алмасуы ерекше. Жастардың сапалық құрамы ерекше. Әртүрлі саланы толық игерген. Айтары бар жастар екені көрініп тұр. Бүгінгі спикерлердің  айтары бар деп білеміз. Себебі волонтер болу ол көп жағдайда адами борыштан, парыздан басталады. Ішкі жауапкершіліктің арқасында баратын сезім деп білеміз. Елімізде де неше түрлі жағдай болған кезде су тасқыны болған кезде өрт болған кезде біздің ел жастары волонтерліктің негізгі құндылықтарын түсініп, елдің азаматы ретінде үлестерін қоса білді.

Волонтерлердің ізгі ниеті мен риясыз еңбегі – адамдарға жігер беріп, қоғамды жақсы жаққа өзгертетін қуатты күш. Бұған бір ғана мысал, жалпыұлттық «Таза Қазақстан» қозғалысын алуға болады. Игі бастама аз уақыттың ішінде көптеген азаматты, әсіресе белсенді жастарды ортақ іске жұмылдырды. Жалпы елде еріктілер жылы аясында мыңдаған іс-шара өткізілді. Бүгінде еліміздегі волонтерлер саны 300 мыңға жуықтаған. Екі күнге созылатын шараға Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан 300-ге жуық делегат арнайы келді.

Фидан Шамиев, Әзербайжан волонтерлер ұйымының мүшесі:
- Бізді ортақ мақсат осында алып келді. Әрине Қазақстанның бастамасы бізді қуантты. Мұндағы әріптестеріміздің істерінен үлгі алып келеміз. Әрі бірге белсенді істерді атқарудамыз. Волонтерлардың ортасында жүргеніме 3-4 жылдан асты. Қазақстан жастарынан көп нәрсені үйрендік. Алда әлі бірге жобалар атқарамыз деп сенемін. Форумның бізге үйретері көп. Осындай үлкен мүмкіндіктер алаңы үшін сіздердің басшыларыңыз президент мырзаға алғыс айтқым келеді. ТМД волонтерлар форумы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынуымен өткізіліп отыр.

Әдемі Ілиясова, волонтер:
- Біз Қырғызстаннан келдік. Бүгінгі форум бізге нағыз тәжірибе алаңы болды. Біз бұған дейін Қазақстандық еріктілермен бірге бірнеше жобаларды атқардық. Көшпенділер ойыны бар, сондай маңызды шараларда бірлесе еңбек еттік. Мұнда жиналуымыздың өзі біз үшін бүгін үлкен жауапкершілік. Сіздердің президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ТМД елдері волонтерларының басқосуы өтіп отыр. Тарихи әрі маңызды жиын. Бүгін-ертең бізді үлкен жоба-жоспарлар күтіп тұр.

Алғашқы форумның негізгі тақырыбы – «Волонтерлік арқылы бірлік: серіктестік, сенім, даму». Шарада экологиялық жобаларға, инклюзивті және мәдени волонтерлікке, сондай-ақ ТМД кеңістігіндегі халықаралық волонтерлік бастамаларды дамытуға баса назар аударылды. Екі күнге созылатын форум аясында панельдік сессиялар, тақырыптық пікірталастар және табысты волонтерлік тәжірибелердің таныстырылымдары өтеді. ТМД волонтерлерінің форумы алдағы уақытта тәжірибе алмасуға, волонтерлік қозғалысты дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға арналған жыл сайынғы алаңға айналады деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Мұрат Әріпханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz