Қарағанды облысында егінге орақ түсті. Ыстық және құрғақ ауа райына байланысты диқандар биыл жылдағыдан ертерек бастады.
Жиын-терім жұмыстары қазір бес ауданда жүріп жатыр. Бүгінге дейін 37 мың тонна астық бастырылып, 4 мың тоннаға жуық майлы дақыл жиналды.
Нұра ауданы, Мұзбел ауылына қарасты бұл шаруашылықта бидай, арпа, сондай-ақ басқа да дәнді және майлы дақылдар өсіріледі. Жаздың ыстығына байланысты биыл егін ерте пісті.
Жанат Тасымов, шаруа қожалығының бас агрономы:
- 150 адам жұмыс істейді, екі бригадамыз бар, әр бригадада 35 адамнан. Қырманымыз бар. Былтыр 2 млн пұт астық жинадық. Жалпы 32 комбайнымыз бар. Күшіміз жетеді. Енді шамамен 20 күндей уақыт керек. 1 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтаймыз деп отырмыз.
Нұра ауданындағы жалпы егіс алқабы 300 мың гектардан асады. Диқандар: «Қуаңшылық пен аптап ыстыққа байланысты өнімділік төмендеуі мүмкін, сондықтан қазір әр күнді тиімді пайдаланып, дақылды ертерек жинап алу керек», - дейді.
Нұра ауданында 276 мың гектар аумаққа бидай егілген. Биыл фермерлер картоп, жемшөп пен күнбағыс алқабын ұлғайтты. Бұл дақылдар түрлі ауа райына жақсы бейімделген.
Мақсат Көнкенов, Нұра аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Нұра ауданы бойынша 15 200 гектар жерге майлы дақылдар отырғызылды. Соның ішінде 2 500 гектарына күнбағыс егілді. Күнбағыс мал азығы ретінде пайдаланылады. Соңғы 1,5 жылда егін егуге арналған жер көлемі ұлғайып келеді. Мысалы, биыл 311 мың 400 гектарға егін себілді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 7 мың 500 гектарға көп.
Қарағанды облысы бойынша егіс алқабының жалпы көлемі 1 млн гектардан асады. Басым бөлігіне дәнді және майлы дақылдар егілген. Сонымен қатар 13 мың гектардан астам алқапта картоп пен көкөніс өсіреледі. Жиын-терін науқанына екі мыңға жуық астық жинайтын комбайн жұмылдырылған. Шаруаларды қолдау мақсатында дизель отыны жеңілдетілген бағамен берілді.
Айдын Сүлейменов, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Биыл жауын-шашын өте аз түсті. Сондықтан диқандар егін жинау науқанына ерте кірісті. Осы қарқынмен жалғасса, тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Арзандатылған дизель отыны жеткізілді. Бағасы литріне 295 теңге.
Шаруалардың басты міндеті – өнімді ысырып қалмай дер кезінде жинап алу. Одан әрі көктемгі дала жұмыстарына әзірлік басталады. Тұқым мен тыңайтқыштар қорын жасақтау керек. Одан бөлек, өңірде қысқы мал азығын дайындау жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
Тегтер #Қарағанды облысы #егін жинау #науқанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz