RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық медиа мамандар түркияда тағылымдамадан өтті

20.08.2026, 23:42 31

Астаналық бір топ журналист Түркияның ең ірі мемлекеттік медиахолдингі ТРТ академиясында тағылымдамадан өтті. 

Еліміздің бас редакторлар клубы мен Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылған оқыту бағдарламасына біздің әріптестеріміз де қатысып қайтты. 

Түркияның ірі телерадиокорпорациясы Қазақстанның медиа мамандарын осымен 11 жыл қабылдап отыр. Осы аралықта 300-ге жуық БАҚ өкілі тағылымдамадан өтіп, тәжірибе жинақтаған. Бұл жолы еліміздің бірнеше телеарнасынан 11 маман Анкарада кәсіби біліктілігін шыңдап, заманауи медианың жаңа бағыттарымен танысты.

Нұрғали Жүсіпбай, ТRТ арнасының тілшісі:

- Қазақ-түрік ынтымақтастығы әсіресе, медиада дамып келеді. Бүгінгі тағылымдама, шара осы әріптестіктің, ынтымақтастықтың жарқын үлгісіне айналып отыр. Шара аясында жасанды интеллект және медиадағы ең соңғы тенденциялар зерделеніп жатыр.

Ақпарат ағынында жаңашылдық желдей ескен заманда журналистика да тың технологиямен бірге түрленіп келеді. Сондықтан болар тағылымдамада жасанды интеллектінің медиадағы мүмкіндігіне ерекше мән берілді. Қазақстан мамандары түрік әріптестерінің бұл бағыттағы ізденісін талқылап, тәжірибені отандық медиаға енгізу қажеттігін тілге тиек етті.

Мерей Мұратханқызы, «24KZ» телеарнасының арнайы тілшісі:

- Бұл кісілерден біз де біраз нәрсе үйрендік. Енді келешекте олар да бізге келіп, үйренер тұстары бар. Өйткені нақты 24KZ арнасының YouTube арнасы күміс белгіні алған. Енді алтын белгіге ұмтылып жатырмыз. Қазір де YouTube-та, әлеуметтік желілерде біздің жаңалықтарды көретін, іздейтін адамдар өте көп. Оқырмандардың саны артып келеді. Ал бұл жақта оқырман санына емес, қаралым санына көбірек мән береді екен.

Жасанды интеллект журналистің орнын басатын құрал емес, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтетін жаңа технология. ТРТ арнасында бұл бағытта арнайы бөлімдер құрылып, мамандар легі жасақталған. Qazaqstan Ұлттық телеарнасының редакторы Данияр Қайыртай мұндай тәжірибені отандық медиаға енгізу қажет деп санайды.

Данияр Қайыртай, Qazaqstan ҰТА ақпараттық жобалар бөлімінің редакторы:

- Біз енді келгелі бері цифрлық журналистика және жасанды интеллект технологияларын пайдалану жөнінде дәрістер өтіп жатырмыз. Бұл жерде біз негізінен осы тақырыптарды ғылыми ұғымдар тұрғысынан тереңірек біліп жатырмыз деп айтсам болады. Сонымен қатар телеарнадағы осы цифрлық журналистика бойынша, жасанды интеллект технологиялары бойынша құрылымдық бөлімшелері жеке-жеке құрылғаны жөнінде ақпарат алып жатырмыз. Ол да біз үшін, біздің телеарналарда енгізуге болатын тәжірибе деп есептеймін.

 

Тағылымдаға қатысушылар дәріс тыңдап қана қоймай, алып арнаның материалдық-техникалық базасымен де танысты. Әлемнің 41 еліне хабар тарататын медиахолдинг заман талабына сай жаңалықтар платформасымен жабдықталған. Дегенмен техникалық жарақтандыруда Қазақстан медиасының да өз артықшылығы бар.

Ержан Рахманбердиев, «24KZ» телеарнасының телеоператоры:

- Жаңалық түсіру, АСБ деп айтамыз ғой, олардың барлығы кең ауқымды, ауқымды екені көрініп тұр. Бұл жағынан базасы бізден әлдеқайда озық, алға кеткен. Алайда техника жағынан келгенде, бізде, «Қазмедиа орталығындағы» «24KZ» арнасының жаңалықтар студиясы роботтандырылған. Бұл кісілер ондайды білмейді екен, әлі көрмеген.

Медиа – үнемі қозғалыстағы сала. Бір елдің тәжірибесі екіншісіне ой салып, озық тәсіл ортақ игілікке айналады. Анкарадағы бір апталық тағылымдама қазақ-түрік әріптестігін нығайтып, жаңа идеяларға жол ашары сөзсіз. 

Авторы: Ә.Нұрлыбаева

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz