Түркістан жылу беру маусымына дайындалып жатыр.
Төтенше жағдайлар қызметі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында көмір жағатын үйлерді аралап, мұржаларын тазалап берді. Тұрғындарға жылу маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын дұрыс сақтаудың жолдарын түсіндірді.
Жылыту маусымы қарсаңында қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының жеке құрамы көмір отынын пайдаланатын үйлерді аралап, пеш пен мұржалардың техникалық жағдайын тексерді. Екі баланың анасы Динара Мусина бұл үйде әпкесі және оның үш баласымен бірге тұрады. Екеуі де жұмыссыз, тек балалардың жәрдемақысымен күнелтіп отыр. Үйге газ кіргізуге жағдайымыз жоқ, дейді.
Динара Мусина, қала тұрғыны:
- Мен пеш жағамын. Газ кіргізуге шамам жетпейді. Көктемде біз ұйқыдан тұрғанда көмірдің исінен уланып қалып, ауруханада жатып шықтық. Сол жағдайымыз осындай болып тұр біздің. Көмек ретінде жылу кіргізіп берсе, пештен құтылатын едік. Көмірдің исінен.
Ал Күлдархан Мақұлбекова екі баласымен бірге тұрады. Балалары күні бойы жұмыста болғандықтан үйге түн ортасында бір келеді, дейді зейнеткер. Өзі денсаулығына байланысты ешқайда шыға алмайды. Сондықтан әзірге көгілдір отын кіргізуге мүмкіндігі жоқ.
Күлдархан Мақұлбекова, зейнеткер:
- Көмір жағамын, газ кіргізуге шамам жоқ. Мен көмірге үйренген адаммын. Ал енді күн суиды, маған көмір керек. Маған сол көмірге көмек беретін адам болса, көмір түсіріп берсе. Соған рахмет айтар едім. Балалар келіп мына үйімнің мұржасын тазалап беріп жатыр. Бұған да рақмет.
Төтеншеліктер үйді жылыту үшін қатты отынды пайдаланатын отбасылардың тізімін жасаған. Қала бойынша әлеуметтік аз қамтылған 100-ге жуық отбасының көмір жағатыны анықталды. Рейд барысында оларға жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, пеш пен жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану, электр желілеріне абай болу, улы газдан сақтану және төтенше жағдай кезінде қалай дұрыс әрекет ету керектігі түсіндірілді.
Бағлан Убайдуллаев, қалалық ТЖБ аға инженері:
- Мұржа тазалау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осы рейд барысында анықталған жалғыз басты ананың үйіне газ жүйесі кіргізілген. Алайда жылу батареялары және жылу құбырлары кіргізілмеген, соны әрі қарай біз басқарма тарапынан кіргізіп, сүйемелдеу жұмысымен айналысатын боламыз.
Мамандар көмір жағатын үйлердің түтін шығатын жүйелерін жылыту маусымы басталғанша тазаламақ. Жалпы облыс бойынша жеті кәсіпорын жылумен қамту қызметін көрсетеді. Оның ішінде бір жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 1622 автономды қазандық жұмыс істейді. Төтеншеліктер соңғы үш жылда жылыту маусымы кезінде бір де бір қайғылы жағдай тіркелмегенін айтады.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түркістан #жылыту маусымы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz