Қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда Employment Permit System (EPS) жүйесі арқылы заңды түрде жұмысқа орналасу үшін бірқатар талаптан өтуі керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі үміткерлерге қойылатын талаптар мен іріктеу кезеңдерін түсіндірді, деп хабарлайды 24KZ.
Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге үміткерлерді практикалық іріктеу Алматыда EPS орталығы ашылғаннан кейін басталады.
Орталықта кандидаттар:
· корей тілін білу деңгейін анықтайтын EPS-TOPIK емтиханын тапсырады;
· кәсіби дағдылары бойынша бағалаудан өтеді;
· шетелге шығар алдында міндетті дайындықтан өтеді.
Іріктеу кезінде үміткердің білімі, еңбек өтілі және кәсіби сертификаттары ескеріледі. Кандидаттар балдық жүйе бойынша бағаланады.
Министрліктің мәліметінше, бағдарламаға 18 бен 39 жас аралығындағы Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Сонымен қатар үміткердің:
· соттылығы болмауы;
· Оңтүстік Кореяға кіруге тыйым салынбауы;
· елден бұрын депортацияланбауы;
· Қазақстаннан шығуға шектеуі болмауы қажет.
Іріктеудің барлық қажетті кезеңінен сәтті өткен азаматтар ресми жұмыс іздеушілер тізіміне енгізіледі. Ол үшін жарамды паспорты болуы және медициналық тексеруден өтуі керек.
Кандидаттың профилінде оның білімі, еңбек тәжірибесі, кәсіби сертификаттары, тест нәтижелері және жұмысқа қатысты қалауы көрсетіледі.
Осы мәліметтер негізінде Оңтүстік Кореядағы жұмыс берушілер өздеріне қажетті қызметкерлерді таңдай алады.
Алайда EPS-TOPIK емтиханынан өту және ресми үміткерлер тізіміне ену автоматты түрде жұмысқа қабылдануды білдірмейді. Соңғы шешімді кореялық жұмыс беруші қабылдайды.
Қазақстан азаматтарын EPS жүйесі арқылы жұмысқа орналастыру Оңтүстік Корея белгілейтін квотаға сәйкес жүзеге асырылады.
Жұмыс беруші кандидатты таңдағаннан кейін оған еңбек шартын жібереді. Құжатқа қол қоймас бұрын жұмыс беруші еңбек жағдайларын, соның ішінде қызметтік міндеттері мен жұмыс режимін толық түсіндіруге тиіс.
Шартқа қол қойылғаннан кейін қызметкерге оның түпнұсқасы беріледі.
Одан кейін Алматыдағы EPS орталығында шетелге шығар алдындағы міндетті дайындықтан өту қажет. Осы кезеңнен соң жұмыс визасы рәсімделіп, азамат Оңтүстік Кореядағы жұмыс орнына аттанады.
EPS жүйесі бойынша Оңтүстік Кореяда жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін болуы мүмкін.
Заңнамада көзделген жағдайларда еңбек шарты тағы 1 жыл 10 айға дейін ұзартылуы мүмкін.
Ал белгіленген жұмыс мерзімін аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан азаматтарға кейін Оңтүстік Кореяға қайта бару кезінде қолайлы жағдайлар қарастырылған.
Еңбек министрлігі қазақстандықтарға жеке делдалдардың қызметіне жүгінбеуге кеңес берді.
Ведомство азаматтарды тек мемлекеттік органдар мен уәкілетті ұйымдардың ресми ақпаратын пайдалануға шақырады. Сондай-ақ «жұмысқа кепілдік береміз», «іріктеуден жедел өткіземіз» немесе белгіленген тәртіптен тыс кандидаттар тізіміне енгіземіз деген адамдарға құжат пен ақша бермеу қажет.
Министрліктің мәліметінше, ешбір делдал жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды, өйткені соңғы шешімді Оңтүстік Кореядағы жұмыс беруші қабылдайды.
Қазақстан азаматтарын тіркеудің нақты басталу мерзімі, құжат тапсыру тәртібі, EPS-TOPIK емтиханы және іріктеудің басқа да кезеңдері туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі кейінірек өзінің ресми ресурстарында жариялайды.
Тегтер #Оңтүстік Корея #жұмыс #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz