Қазақстанда алдағы өтетін Құрылтай сайлауы күні тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ азаматтар үшін маңызды мүмкіндік қарастырылды. Дауыс беру күні олар арнайы сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша бір күндік уақытша тіркеу рәсімдей алады, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл шара ел азаматтарының конституциялық құқығын толық жүзеге асырып, дауыс беру процесіне қатысуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.
Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері сайлау күні таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.
Ел бойынша жұмыс істейтін 10 мыңнан астам сайлау учаскесінің ішінде 221 учаскеде ХҚКО мамандары тікелей қызмет көрсетеді. Азаматтар сайлау учаскесі орналасқан нысанның (мектеп, колледж, университет немесе басқа да мекемелер) мекенжайы бойынша тіркеледі.
Бір күнге берілген бұл уақытша тіркеу келесі күні автоматты түрде жойылады.
Тұрғылықты жері бойынша бұрыннан тіркеуі бар азаматтар өздеріне бекітілген әдеттегі сайлау учаскелері бойынша дауыс береді.
Өз сайлау учаскеңіздің мекенжайын және толық тізімін Орталық сайлау комиссиясының ресми сайты арқылы онлайн режимінде тексеріп, алдын ала анықтап алуға болады.
Тегтер #құрылтай #сайлау #уақытша тіркеу #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz