RU
Толық нұсқаға өту
Фото: gov.kz

Қауіпті тауар: Қазақстанға әкелінген 113 тоннадан астам зиянды өнім анықталды

21.08.2026, 15:53 33

Иран мен Ресейден Қазақстанға әкелінген салат, арпа және қызанақ партияларынан қауіпті карантиндік нысандар анықталды. Фитосанитариялық бақылау нәтижесінде 113 тоннадан астам залалданған өнімнің ел аумағына өткізілуіне жол берілмеді, деп хабарлайды «24KZ».

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің инспекторлары мемлекеттік шекарада фитосанитариялық бақылау жүргізу барысында бірқатар заң бұзушылықты анықтады.

Атап айтқанда, Маңғыстау облысындағы «Темір-Баба» автомобиль өткізу бекетінде Ираннан жеткізілген салмағы 9,9 тонна «Айсберг» салаты партиясынан батыс гүл трипсі (Frankliniella occidentalis) анықталды.

Аталған қауіпті карантиндік зиянкес Ақтөбе облысындағы «Жайсаң» бақылау бекетінде де табылды. Ресейдің Орынбор облысынан жеткізілген 0,7 тонна «Айсберг» салаты батыс гүл трипсімен залалданған.

Сондай-ақ Ресейден әкелінген жалпы көлемі 100 тонна азық-түлікке арналған арпа өнімдерінен ауыл шаруашылығы алқаптарына қауіп төндіретін карантиндік арамшөп – жатаған кекіре (Acroptilon repens) анықталды, – делінген министрлік хабарламасында.

Сонымен қатар Ақтөбе облысында салмағы 3 тонна қызанақ партиясын тексеру кезінде мамандар бірден екі карантиндік нысанды анықтады. Олар – оңтүстікамерикалық қызанақ күйесі (Tuta absoluta) және қызанақ жемісінің қоңыр әжімділік вирусы (Tomato brown rugose fruit virus).

Анықталған карантиндік нысандардың барлығы «Фитосанитария» мекемесінің тіркелген зертханаларында жүргізілген фитосанитариялық сараптама нәтижелерімен расталды.

Анықталған фактілер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, материалдар сотқа жолданды және айыппұлдар салынды.

ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті карантинге жатқызылған өнімдердің әкелінуіне қатысты күшейтілген фитосанитариялық бақылауды жалғастырып жатыр.

Негізгі міндет – ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіруі мүмкін қауіпті карантиндік нысандардың ел аумағына енуі мен таралуына жол бермеу және отандық агроөнеркәсіптік кешенді қорғауды қамтамасыз ету.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz