Ақтөбе облысында білім күні төрт жаңа мектеп ашылады. Заманауи ғимараттар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынып, толықтай жарақталған.
Жалпы өңірде аталған мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен 14 мектеп салынды.
Ақтөбенің «Оңтүстік-Батыс» шағын ауданындағы су жаңа мектепке оқушыларды қабылдау жалғасып жатыр. Білім ордасы мамандары құжаттарды реттеп қана қоймай, ата-аналар мен балаларға экскурсия да өткізіп тұрады. Әлі сыры кеуіп үлгермеген кабинеттер мен заманауи оқу құралдары көз тартып, оқушылардың білім алуға құштарлығын арттыра түседі. «Келешек мектебінде» екі ауысымда 600 оқушы бала білім алады.
Мәриямхан Шабылова, қала тұрғыны:
- «Оңтүстік-Батыс-1» шағын ауданындағы №10 мектепте едік. Автобуспен қатынау қиын еді. Бұл көптен күткен мектебіміз. №87 мектеп. Өте қуаныштымыз. Үйдің қасында орналасқан. Автобусқа мінбейміз. Жаяу барып, жаяу келеді.
Ал «Алтын Орда» шағын ауданында 1800 орындық «Келешек мектебі» жұмысын бастайды. Оқу кабинеттері, зертханалар, кітапханалар мен STEM-зоналары және жаңа үлгідегі пән кабинеттері заман талабына сай жарақталған. Қазір білім ордасы 1430 баланың құжатын қабылдады. 700 бүлдіршін бірінші сыныпқа жазылған.
Ақгүл Кисикова, №81 орта мектебі директорының м.а:
- Қазіргі таңда мұғалімдерді қабылдап жатырмыз. Конкурстың қорытындысы енді шығады. Бұған да 500-ге жуық педагогтар қатысты. 1 қыркүйек күні толыққанды жұмсымызды бастап кетеміз деп сенеміз.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған 14 білім ордасында бір ауысымда 11 400 бала білім алады. Нәтижесінде өңірде оқушы орны тапшылығы жойылып, үш ауысымды кесте және апатты мектеп мәселелері шешімін тапты.
Бұлбұл Күзембаева, облыстық Білім басқармасының басшысы:
- Темір ауданында Жансен Кереев атындағы орта мектеп апатты жағдайдағы мектеп. Соның орнына жаңа «Келешек мектебі» салынды. Қазір құрылыс жұмыстары аяқталды. 1 қыркүйекте балалар кіреді деп жоспарлап отырмыз.
Жалпы Ақтөбе облысында 194 мың оқушы бар. Олардың 19 мыңнан астамы алдағы оқу жылында мектеп табалдырығын алғаш аттайды.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнажин Молдабеков, Айбек Даутов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақтөбе #Келешек мектебіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz