Солтүстік Қазақстан облысында алғашқы миллион тонна бидай жиналды.
Ауыл шаруашылығы басқармасы қызметкерлерінің соңғы дерегіне сүйенсек, қазір диқандар қауымы дәнді дақылдың үштен бір бөлігін жинап үлгерді. Орташа есеппен гектарынан 14 жарым центнерден түсіп жатыр.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,3 млн гектар жерге дән себілді. Қазір дала төсі дүбірге бөленіп, диқандар қауымы бітік шыққан егінді шашау шығармай жинап алу қамында жүр. Олардың айтуынша, биыл өнім мол болады.
Виталий Заика, Ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының басқарма төрағасы:
- Егін алқаптарына бидайдың өсу кезеңінде 100 мм жауын жауды. Бұл оның толыққанды пісіп-жетілуіне мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда жасымық пен бұршақ орылып жатыр. Енді арпаға көшеміз.
Өңірде егін шаруашылығын әртараптандыру үшін 1,2 млн гектар жерге майлы дақылдар егілді. Облыс бойынша орақ науқанына 7 мың комбайн тартылған. Биыл Үкіметтен жергілікті агроқұрылымдарды қолдауға 207 млрд теңге бөлінді.
Дәурен Тоққожынов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Бүгінгі таңда 800 мың гектар аумақ орылды. Бұл дәнді дақылдың 28 пайызы. Қамбаға 1 млн тонна өнім түсті. Диқандарға Үкіметтен арзан бағамен 61 мың тонна дизельді отын бөлінді. Күзі дала жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
Өңірде биылғы астықты сақтауға толық мүмкіндік бар. Облыс бойынша егінді 45 элеватор қабылдап жатыр. Одан бөлек, жеке шаруашылықтарда қоймалар қарастырылған. «Ендігі міндет- әр ашық күнді қалт жібермей, ырыс дәнін ысырап етпей жанап алу», - дейді диқандар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #СҚО #егін шаруашылығыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz