Атырау өңірі Мақат ауданында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алған кәсіпкерлер бизнестерін жандандыра бастады.
Биыл ауданда 145 млн теңгелік 8 жоба қолға алынған. Солардың бірі, ет және ұннан 30-ға жуық өнім шығаратын кәсіпорын қазірдің өзінде тұтынушыларын тауып, белгілі бизнес нысанына айналды. Мемлекет қолдауына сүйенген ауыл азаматтары жалпы құны 600 млн теңге болатын 59 бизнес-жобаны игермек.
Мақат кентіндегі бұл дүкенге келуші үзілмейді. Себебі мұнда алуан түрлі ет пен ұн өнімдері ұдайы сатылымда. Жартылай өнім ретінде дайын күйінде шығатын манты, бәліш түрлері мен самсалар қазірдің өзінде тұтынушысын тауып үлгерген. Кәсіпорын тәулігіне 150 келіден астам өнім шығарады. Табиғи таза еттен дайындалатын тағам түрлеріне сұраныс күн сайын артып жатыр. Осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттік грант арқылы 500 мың теңгемен бизнесін бастаған кәсіпкер Алтынгүл Қайырқожиева былтыр желтоқсан айында «Ауыл аманаты» жобасы аясында 30 млн теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін дамытты.
Алтынгүл Қайырқожиева, кәсіпкер:
- 30 млн теңге алған қаражатымыз қайтарылатын несие болып саналады. 2,5 пайызбен 5 жылға алдық. Бұл — кәсіпкерге үлкен көмек деп ойлаймын. Себебі, осындай үлкен қаражатты тиімді бөліп төлеуге мемлекетіміз үлкен мүмкіндік жасап отыр. Қазіргі таңда 28 түрлі өнім шығарамыз.
Шағын кәсіпорын аудан аумағында 11 сауда орнымен келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде айына 5-6 млн теңге таза пайдаға кенеліп отыр. Ол өз кезегінде аудандық «Мансап» орталығы арқылы жұмысқа келген 15 адамның айлығын уақытылы төлеуге игі ықпал етіп жатыр.
Гүлнәр Жанғалиева, жұмысшы:
- Мен осы «Алтын аспаз» кәсіпорнына Мақат аудандық Мансап мекемесі арқылы жұмыссыз ретінде келдім. Жұмысым жақсы, өзіме ұнайды. Қаңтар айынан бері жұмыс істеп жатырмыз. Негізгі шығаратын өнімдеріміз — таза еттен жасалған манты мен фарш. Сонымен қатар халыққа ет сатамыз.
Аз ғана уақытта пайда көзін тапқан бизнес иесі болашақта өнідіріс көлемін ұлғайтуға ниетті. Себебі 24 мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығында ет пен ұн өнімдеріне сұраныс артып келеді. Осыған орай тек аспаздық емес жалпы сұранысқа ие кәсіп түріне ден қойғандар қатары артып келеді. Өтініштерді аудандық кәсіпкерлік палатасы қабылдап, қажетті кеңес береді.
Гүлнәз Едігеева, Мақат аудандық кәсіпкерлік палатасының директоры:
- «Ауыл аманаты» — ауылдық елді мекендерге арналған бағдарлама болғандықтан, барлық тұрғын-кәсіпкерлеріміз қатысуға ниетті. Қазіргі таңда, күні кеше 8 жоба мақұлданды. Оның ішінде мал шаруашылығы, соның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығы, сұлулық салондарына қажетті құрал-жабдықтар сатып алу, жартылай фабрикаттар өндіру және тағы да басқа жобалар бар. Мұндай жобалар өте көп.
Биыл Атырау облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 600 млн теңге болатын 59 жоба мақұлданды. Оның ішінде ет-сүт өнімдерін тереңірек өңдейтін кәсіпорындар, мал азығына қажетті құрама жем шығаратын комбинат секілді өңір үшін өте өзекті салалар қамтылған. Ал кәсіпкерлер палатасы аудандық бөлімшелері арқылы ауылда кәсіп бастауға ниет еткендерді біріктіріп, мемлекет қолдауына ие болу жолдарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыр.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов
Тегтер #Ауыл аманаты #бизнес #мемлекеттік бағдарлама #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz