Павлодар тұрғыны экзотикалық құстың түр-түрін өсіреді. Үйінің ауласында тауыс, қырғауыл, бөдене, тіпті түйеқұсты да көруге болады. Құсқа деген қызығушылығы бүгінде кәсібіне айналған.
Қарлығаш Қасиетова, тілші:
- Бұл аулада тауық, үйрек, қаз секілді кәдімгі үй құстары емес, экзотикалық құстардың түр-түрі мекендейді. Сәнімен көз тартатын тауыстар, индонезиялық қырғауылдар мен калифорниялық бөденелер, сондай-ақ қытайдың жібек тауықтары да осы аулада тіршілік етіп жатыр. Ең ірі құстың бірі –түйеқұстардың да балапандары жетіліп келеді. Зейнеткердің айтуынша бұл құстарды ол көңілге қуаныш, аулаға көрік берсін деген қызығушылықпен асырап отыр.
Құс өсірудің қыр-сырын Ғалиолла Ғабайдуллин бала кезінен біледі. Кәсіби спортшы зейнетке шыққаннан кейін экзотикалық құстарды өсіруге ден қойған. Алғаш рет лимон түстес қырғауылды көрген кезде осындай ой туыпты.
Ғалиолла Ғабайдуллин, қала тұрғыны:
- Лимон түсті қырғауылды көрдім. Тоты құс сияқты өте әдемі екен. Маған қызық болып, сатып алдым. Содан кейін қызығушылығым артып, құстардың түрін көбейте бастадым. Әрине басқа елден құс әкелу қиын. Кеденнен өткізу, құжаттарын рәсімдеу және басқа да мәселелері бар. Сондықтан қазір құстарды көбіне өзімізден, Қазақстанның ішінен алуға тырысамын.
Зейнеткер құстардың жеміне, тазалығына және қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Қолында қырғауылдың алты, тауыстың үш түрі бар. Бөдене, күркетауық және қытайлық жібек тауық түрін өсіреді. «Бұрын үй құстарын қажеттілік үшін ұстайтынмын. Қазір тек сәндік құстарды бағамын», - дейді Ғалиолла Ғабайдуллин.
Ғалиолла Ғабайдуллин, қала тұрғыны:
- Балаларымыз кішкентай кезде құстарды жұмыртқасы, мамығы мен еті үшін ұстадық. Мамығын жастыққа пайдаланатынбыз. Қазір бәрі есейіп кетті. Құстарды тек сұлулығы үшін, көңіл көтеру үшін ұстаймыз. Арнайы әткеншек те сатып алдым. Соған отырып, құстардың сайрағанын тыңдаймын. Зейнетте бұдан басқа немен айналысамын.
Кәдімгі жеке аула осылайша экзотикалық құстардың мекеніне айналған. Ал Ғалиолла Ғабайдуллин алдағы уақытта тағы бірнеше күрке салуды жоспарлап отыр. Демек бұл аулада әлі талай сирек кездесетін құс түрі қанат қағып, талай таңды өзінің әсем үнімен қарсы алмақ.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #тұрғын #құс #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz