RU
Толық нұсқаға өту

Бейнеу тұрғындары Президентке алғыс айтты

22.08.2026, 13:42 22

Маңғыстаулық ардагерлер Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолының құрылысына байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. 

Бейнеу ауданының тұрғындары жаңа автожолдың салынуын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін стратегиялық жоба деп бағалап отыр.

Осыған орай Президентке арнайы үндеу жолданып, оны мыңнан астам адам қолдаған. Бейнеу тоғыз жолдың торабындағы елді мекен. Қазақстанды халықаралық көлік дәліздері жүйесімен қосатын кейбір теміржол және автомобиль жолдары осы аудан арқылы өтеді. Ардагерлер «жаңа күрежолдың игілігі Бейнеумен ғана шектелмейді. Автожол іске қосылған соң оңтүстік өңірлермен жүк тасымалының уақыты мен шығыны қысқарады. Тауар өндірушілер мен кәсіпкерлерге өндіріс, сауда ауқымын кеңейтуге мүмкіндік береді», - дейді.

Еркінбек Оразбаев, Бейнеу ауылының тұрғыны:

- «Арал  Каспий» автомагистралі деген бұл жолдың үлкен маңызы бар деп есептеймін. Жалпы ел экономикасын көтеруде бұрынғының үстіне үлкен үрдіс береді. Үлкен істерге бастама жасайды. 

Мемлекет басшысы құрылысы биыл 3 тамызда басталған «Бейнеу-Сексеуіл» бағытындағы көлік жолын Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» деп атады. Президенттің айтуынша, жаңа бағыт Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. «Сонымен қатар «туризмді дамытуға түрткі болары анық»», - дейді тұрғындар.  

Аманқұл Ұлықпанов, Бейнеу ауылының тұрғыны:

- Қазақстанда туризмді дамыту керек деген жобалар бар. Сол жобаларға сәйкес мына теңіз жағасына жазда келіп, демалып кетуге бірден-бір жол. Осы жұмыс аяқсыз қалмай, халықтың игілігіне пайдаланатын жағдайға тез жетуіне тілектеспіз. 

Өтес Шығанбайұлы, Бейнеу ауылының тұрғыны:

- «Жолдың азабын жүрген біледі» деген. Туып-өскен жеріміз ғой, талай халықтың, жүргізушілердің бәрі осы жолдың азабын көрген болатын. Міне, қазір Президентіміздің бастауы бойынша жол салынып жатыр. Халық соған өте риза.

Жобада жаңа трассаның жалпы ұзындығы 800 шақырым деп көрсетілген. Соның 125 шақырымы Бейнеу ауданына тиесілі. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz