Батыс Қазақстан облысында 450 мыңнан астам адам Құрылтай сайлауында дауыс беру құқына ие. Өңір бойынша 488 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев те бүгін көпшілікпен бірге өз таңдауын жасады.
№521 сайлау учаскесі Амангелді Каримуллин көшесіндегі ақпараттық технологиялар колледжінде орналасқан. Учаскеде 2996 сайлаушы тіркелген. Жұртшылықпен бірге өз таңдауын жасаған өңір басшысы Нариман Төреғалиев бүгінгі сайлаудың маңызын, елдің ертеңгі дамуындағы ерекше рөлін атап өтті.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде ауқымды реформалар жүзеге асып жатыр. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Міне, бүгін өздеріңізге белгілі бір палаталы Құрылтайдың сайлауы өтіп жатыр. Енді осындай тарихи күнде Батыс Қазақстан облысы халқы конституциялық құқықтарын пайдаланып, өз таңдауларын жасайды деген сенімдеміз.
Батысқазақстандық 450 мың 544 азамат бүгінгі сайлауда дауыс беру құқығына ие. Оның 2324 ерекше жағдайларды қажет ететін жандар. Мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінде арнайы бұрыштар жасақталып, қажетті есту-көру құрылғыларымен қамтылған. Оларға 55 инватакси қызмет көрсетуде, сурдоаудармашылар қызметі ұйымдастырылған.
Әділ Жоламанов, БҚО Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы:
- Осы адамдар үшін барлық сайлау учаскесінде қалыпты жағдай жасадық. Соның ішінде пандустар орналастырдық, тактилді жолақтар қойылып, әр учаскеде арнайы бұрыш дайындадық. Сонымен қатар осы азаматтардың ішінен 10 мыңға жуығы үйден дауыс беруге өтініш берді. Мың жарымға жуық азаматқа есептен шығару куәлігі берілді. Бұл атап айтқанда, өзге өңірлерге, не елге шығып кеткен азаматтарымыз.
Өңірдегі сайлау барысын 21 қоғамдық ұйым өкілдері және 10 шақты шетелдік байқаушы бақылауда.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов
Тегтер #құрылтай 2026 #сайлау учаскесі #Нариман Төреғалиев #БҚО #дауыс беруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz