RU
Толық нұсқаға өту

Мұнайлы өңір белсенділік танытуда

23.08.2026, 18:40 34

Құрылтай сайлауында атыраулықтар үлкен белсенділік танытуда. Өңірде тіркелген 428 мыңнан астам сайлаушының күндізгі сағат 16:00-де 63,37 пайызы дауыс беріп үлгерді. Оның ішінде жастардың үлесі басым. Облыста 14 пен 35 жас аралығында 209 мыңға жуық сайлаушы бар. Олар да бүгін еліміз үшін ерекше маңызға ие саяси науқанда өз еріктерін білдірді. Сондай-ақ бүгін еңбек вахтасында тұрған 11 мыңнан астам мұнайшы жұмыс орындарында дауыс беріп жатыр.

Алдыңғы лекте өзінің азаматтық ұстанымын білдірген өңір басшысы Болат Ақшолақов болды. Жұмыс күнін сайлау учаскесінен бастаған әкім, өз таңдауын жасады. Айтқандай, биылғы саяси науқанда жастардың белсенділігі ересен. Бүгін Атырау марафоншылары үшін нөмірі 8-ші сайлау учаскесі ақырғы мәре болды. Салауатты өмір салтын насихаттайтын спорт клубында 60-тан астам мүше бар.

Фархат Жұмағалиев, марафоншы:

- Бүгінгі Құрылтайдан болашағымызға жарқын шешімдер күтеміз. Еліміздің қарыштап дамуын тілейміз. Жастарға игі жақсы бастамалар болады деген ойдамыз, бұйырса. Сәттілік баршамызға. Сол үшін де біздер дауыс беруге келдік.

Еліміздегі көмірсутегі шикізатының 65 пайызы шоғырланған өңірде көптеген жоба жүзеге асып жатыр. Ол жобаларда 11 мыңнан астам адам еңбек етуде. Кен алаңдарында вахталық әдіспен жұмыс істейтін азаматтардың өтініштері бойынша қолайлы жағдай жасалуда. Олар үшін жаңадан 2 сайлау учаскесі құрылып, жұмысын бастады. Ал Каспий қайраңындағы мұнайшылар үшін тікұшақ ұйымдастырылды.

Әсия Қыстаубаева, облыстық аумақтық Сайлау комиссиясының төрағасы:

- Солардың өтініштеріне сәйкес, өздерінің жұмыс орындарында құрылған дауыс беру нүктелеріне оларға бюлетеньдер жеткізіледі. Оның ішінде Қашаған жобасында жасайтын қазақстандықтар үшін де Атырау қаласының 39-шы учаскесінен арнайы 2 комиссия мүшесі берген өтініштерге сәйкес тікұшақпен бюлетеньдерді жеткізеді.

Атырау облысына былтыр 78 млрд теңге инвестиция тартылып, 17 жоба қолға алынған еді. Оның 15-і жүзеге асты. Ал 2029 жылға дейін өңірде құны 6,6 триллион болатын 35 жаңа жоба жүзеге асуы керек. Бүгінгі саяси науқанның еліміздің саяси-экономикалық дамуына игі ықпал етері анық.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz