33 жылдан кейін Арқалыққа әуе қатынасы қайта жанданды. Астанадан бет алған алғашқы жолаушылар ұшағы Арқалық әуежайына келіп қонды.
Жаңа әуе бағытының ашылуы музыкалық театрландырылған қойылыммен сүйемелденді. Алғашқы рейс жолаушыларын Арқалық жұртшылығы қуанышпен қарсы алды.
Астанадан Арқалыққа алғашқы рейспен ұшу құрметіне ие болған өнерпаздардың орындаған «Арқалықтың ақ таңы» әні ерекше әсерлі шықты. Әрине бұл тұтас Торғай өңірі үшін тарихи әрі маңызды оқиға.
Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет уақытында қаражат бөліп, уақытында бүкіл рұқсатнама құжаттарын қолға алып, бүгінгі қуанышты күнді жоспар бойынша ерте бастадық.
Алғашқы рейс жолаушыларының қатарында авиация саласының ардагері Қобылан Бурашев те болды.
Қобылан Бурашев, авиация саласының ардагері:
- Жаңа аэропорттың қалай салынып жатқанын көріп, соған қуанып жатырмыз. Арқалық көтеріліп жатыр. Вокзалда да ремонт істеген.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арқалыққа әуе қатынасының қайта жандануы бүтін Торғай өңірінің экономикалық дамуына серпін берері анық.
Марат Мұстафин, қоғам қайраткері:
- Оның үстіне, мынау Астана–Арқалық–Амангелді–Торғай–Ырғыздың жолы әрі қарай жүретін болса, Торғайдың еті, Торғайдың майы мынау Астананы қамтамасыз ететін жағдайға жетеміз.
Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, мемлекеттік субсидия есебінен авиа билет құны тиімді, қолжетімді болады.
Талғат Ластаев, ҚР көлік вице-министрі:
- Бүгіннен бастап Арқалыққа бірнеше рейс ашылады. Ол — Астана мен Арқалық бағыты. Аптасына екі реттен бастаймыз. Тарифтің құны 10 мың теңге болады. Алматы мен Арқалық арасында да қатынас болады.
Арқалық әуежайының іске қосылуымен 136 жұмыс орыны ашылды.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров; монтаж Сергей Хаймин
Тегтер #Арқалық #әуе қатынасы #жолаушылар #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz