Бағдарламаға қатысушылар құрақ құрауды және тоқыма ойыншықтар жасауды тегін үйренеді.
Оларға қажет материалдар мен құралдар да тегін беріледі. Сабақты тәжірибелі шеберлер өткізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, келешекте пішу және тігу, дизайн, интерьер бұйымдарын жасау сияқты жаңа бағыттар қосылады.
Жаңа кәсіпті үйрену үшін жасы 70-ке таяған зейнеткерлер мен 35 жастан асқан әйелдер бір жерде бас қосты. Мұнда жас ерекшелікке мән берілмейді. Қатысушылар Куроми ойыншығын тігуді үйреніп жатыр. Бірі жаңа кәсіпті меңгергісі келсе, енді бірі болашақта қолдан жасаған бұйымдарын сатып, табыс табуды көздейді.
Шаркүл Әлімханова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Универсал тігіншімін құрақ құраймын, киім тігемін. Басымнан аяғы өзіме тігіп киемін, сол үшін жаңағы жастарға да айтатыным үйреніңдер, тігіңдер, кез келген адамның үйінде машинка бұйымы болуы керек. Тігін тіккен адам жаман болмайды міне менің жасым жетпіске таяп қалса да мен үйреніп жүрмін. Жастардан қазір ойыншық үйреніп жүрмін. Ойыншықты сыйлыққа да береміз саудасы келсе сатып та жібереміз.
Тегін сабақтар Креативті индустрия қауымдастығы мен Еңбек мобильділігі орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – уақытша жұмыссыз қалған әйелдерге сұранысқа ие, пайдалы дағдыларды үйрету. Ең бастысы, әйелдер бұл жұмысты үйден отырып та істей алады.
Жанна Елтанова, Шымкент қаласы аймақтық креативті индустрия координаторы:
- Мұның бәрі шығармашыл жастарға, сондай-ақ үйде отырып, тұрақты жұмыс кестесіне шыға алмайтын әйелдерге мүмкіндік беру үшін жасалып отыр. Олар үйден шықпай-ақ өз қолдарымен түрлі әдемі бұйымдар жасап, сатып, табыс таба алады.
Қазіргі таңда Шымкентте 17 680 жұмыссыз адам тіркелген. Олардың шамамен 9 мыңы әзірге жұмыспен қамту шараларына тартылмаған. Қалғандары уақытша жұмысқа орналасып немесе «Жастар практикасы» және «Күміс жас» бағдарламаларына қатысып жатыр.Тағы бір мүмкіндік – өз кәсібін ашу. Бизнесті бастауға арналған гранттар азаматтардың алты санатына беріледі.
Нұртаза Мыңбаев, мансап орталығының бөлім басшысы:
- Шымкент қаласы бойынша 435 өтініш түскен грант алуға оның 103-і қазіргі таңда гранттық қаражатын алып бастап кеткен азаматтар. Енді оның ішінде кімдер дейтін болсақ оның 47-сі мүгедектігі бар азаматтар, 49-ы яғни көпбалалы ата-аналар әкесі,анасы болуы мүмкін және асыраушысынан айырылған 7 азамат.
Алынған қаражаттың көбі шағын кәсіпке қажетті құрал-жабдықтар мен шикізат алуға жұмсалады. Шымкент тұрғындары гранттың көмегімен тамақтану орындарын, жылыжайлар мен тігін цехтарын ашып жатыр. Бірақ барлық жоба сәтті жүзеге аса бермейді. Жыл сайын грант алған шамамен 40 адам алған қаражатын мемлекетке кері қайтаруға мәжбүр болады.
Қарлығаш Қасиетова, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов
Тегтер #Шымкент #жұмыссыздық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz