RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында 12 теміржол вокзалы жөнделді

24.08.2026, 20:00 43

Ақмола облысында жөнделіп жатқан 16 теміржол вокзалының он екісі пайдалануға берілді. Қалған төрт нысан жыл соңына дейін іске қосылады.

Қазір жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталды, - дейді мамандар. Жалпы 16 вокзалдың тоғызы толығымен бұзылып, жаңадан салынды. Қалған нысандардың аумағы кеңейтіліп, инженерлік инфрақұрылым түгел ауыстырылып жатыр.

Жақсы ауылындағы теміржол вокзалы өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған. Содан бері нысанға бірде-бір рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Қазір тозығы жеткен ғимараттың шатыр мен қасбеті ауыстырылып, кәріз, су, жылу, электр және байланыс желілері заман талабына сай қайта тартылды. Ал вокзалдардың ішкі кеңістігі жаңа жиһазбен жабдықталды.

Есламбек Рахметжанов, Жақсы ауылының тұрғыны:

- Халық қуанып жатыр. Адам сияқты демалады. Бұрындары вокзалдан шаршап кететін. Мәселе орын аз болды. Орындықтар сынып жатқан. Ескі орындықтар болды. Қазір бәрі өзгерді. Барлығын жаңадан әкелді. Орындықтар, дивандар бар. Ыстық су, дәретхана бар. Бұрын ол далада болатын. 

Жөндеу жұмыстары аясында жолаушылар перронының ұзындығы 388 метрден 500-дейін ұлғайған. Вокзал аумағына бейнебақылау камералары орнатылды. Жалпы Жақсы станциясымен онға жуық жолаушылар пойызы қатынайды.

Жанар Берлібекова, Теміржол вокзалының кезекшісі:

- Біздің жолаушылар Павлодар, Семей, Маңғыстау, Алматы, Қостанайда. Бізде Қостанай жақтан келетін сұраныс көп. Баратын студенттер көп. Астанаға да сұраныс көп. Көктем айында Алматы-Қостанай мен Семей-Маңғыстау пойыздарын қысқартамыз деген. Бірақ әкімшілік, ауыл тұрғындары хат жазып, пойыздарды тоқтатпауын сұрадық.

Теміржол – ел экономикасының күре тамыры. Өйткені оның жұмысы барлық саланың дамуына ықпал етеді. Сондықтан мамандар барлық нысандардағы жұмысты сапалы әрі уақытында орындауға тырысып жатқандарын айтады.

Александр Рублевский, Жолаушылар тасымалы және автожолдар басқармасы басшысының м.а:

- Қалған төрт вокзалдың негізгі құрылысы осы айдың соңында аяқталады. Біз ол нысандарды шамамен қазан айында іске қосуды көздеп отырмыз. Оның ішінде ең негізгісі Көкшетау теміржол вокзалы. Мұның бәрі тұрғындардың жайлы әрі қолайлы жүріп тұруы үшін жасалып отыр.

Президент тапсырмасымен ел бойынша 124 вокзалды жаңарту жоспарланған. Қазір соның жетпіс екісінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған нысандар да кезең-кезеңімен ел игілігіне берілмек.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz