RU
Толық нұсқаға өту

Агросалаға қаржылай қолдау бар

24.08.2026, 23:00 30

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығын дамыту үшін соңғы бес жылда «Аграрлық несие корпорациясының» Қарағанды филиалы арқылы 104 миллиард теңгеден астам қаржы берілді.

Бұл соманың үштен бір бөлігі былтыр және биылғы алты айда бөлінген. Соның арқасында жергілікті 600 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші пайызы төмен несиенің игілігін көрді. 

Медеубай Қаймақов 2005 жылы жеке шаруа қожалығын ашқан. Қазір меншігінде 1000 жылқы, 300 сиыр және 200-дей қойы бар. Егін шаруашылығын да қоса дамытып отыр. «Аграрлық несие корпорациясы арқылы» пайызы төмен жеңілдікпен 4 комбайн, бір егінжай кешенін, тұқым себу агрегатын, бірнеше трактор алған. Бұған қоса егінжайға қажетті тұқым мен тыңайтқышқа да қолдау бар дейді.

Медеубай Қаймақов, фермер:

- Біз біраз жылдан бері ҚазАгроФинанспен жұмыс істеп келеміз. ҚазАгроФинанс бізді қолдайды, келісім бар. Олар өздері қоңырау шалып, «Осындай техника келіп жатыр, аласыздар ма?», - деп көмектерін көрсетіп жатыр.

Қарағанды облысының ауыл шаруашылығына бес жылда «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 104 миллиард теңге қаржы берілді. Бұл соманың 41 миллиард теңгеден астамы былтыр және биылғы алты айда бөлінген. Мысалы, биыл көктемде өңірдің 175 шаруашылығына тұқым, дизель отыны және қосалқы бөлшектер сатып алу үшін  15 миллиард теңгеден астам ақша берілген. Жылдық 5% мөлшерлемемен берілетін несие фермерлер үшін өте тиімді.

Мүсіреп Хасенов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ ҚОФ директоры:

- «Аграрлық несие корпорациясының» Қарағанды филиалы бүгінгі таңда өңірдің 3000-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне қызмет көрсетеді. Өткен жылы тауар өндірушілер 539 миллиард теңгенің тауарын алды. Ал биыл бұл көрсеткішті 559 миллиард тегеге дейін жеткізуді көздеп отырмыз.

Биыл Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешеніне 113 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қаражат есебінен 42 жобаны іске асырып, 450-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жаңа жобаларды жүзеге асыру барысында  шаруалар мен кәсіпкерлер «Аграрлық несие корпорациясының» бағдарламаларына қатыса алады.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz