Тұрғындарға басқа пәтер берілді. Жалпы Шығыс Қазақстан өңірінде 50 шақты үй осындай жарамсыз күйде тұр. Бұлардың көбі Риддер мен Өскемен қаласында орналасқан.
Риддерде Свердлов көшесіндегі мына қосқабатты үйдің жайын біз талай рет көрсеткенбіз. Бір шеті опырылып қалған баспана 2021 жылы апатты деп танылды. Сондықтан ондағы тұрғындардың көбі туған-туысын сағалап кетті. Тек бір отбасы ғана соңғы уақытқа дейін ешқайда көшпеді.
Александр Голомидов, Риддер қаласының тұрғыны:
- Үй әрең тұр. Тіпті бір жерін жөндеу мүмкін емес. Кішкентай қызым да бізбен бірге тұрады. Бала болған соң кіріп-шығып ойнағысы келеді. Үйінді астында қала ма деп алаңдаймын.
Апатты деп танылғалы бері тура бес жыл өткенде үй тұрғындары жаңа пәтермен қамтылды. Қала билігі бұл істі кезең-кезеңімен жүзеге асырмақ ниетте. Ал құлағалы тұрған үй сүріліп жатыр. Жалпы Риддердегі тұрғын үй қоры әбден ескірген. Дені осыдан 50-60 жыл бұрын салынған. Марат Сағындықов сондай үйлердің бірінде 10 жылдан бері тұрып келеді. Зейнеткердің айтуынша, мұндай баспаналарға әрлеу, жаңғырту жұмыстары дер кезінде жүргізілгені дұрыс.
Марат Сағындықов, Риддер қаласының тұрғыны:
- Осы сырты, шіркін, түгел көшеге көрініп тұр ғой. Опырылып, бопырылып жатыр. Сол енді қаланың сәнін бұзады.
Сала мамандарының айтуынша, қазір қала келбетін жаңартуға ерекше ден қойылған. Бұрын шаһарда жер үй көп салынып келсе, енді көпқабатты тұрғын үй кешендерін көтеруге басымдылық берілмек.
Думан Рахметқалиев, Риддер қаласының әкімі:
- Қазіргі таңда бір қабатты үйлерді салып жатырмыз. Жоспарымыз келесі жылдан бастап көпқабатты үйлер саламыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір генплан істелінді, дизайн код жасалды, істеліп жатыр.
Апатты және ескі үйлер мәселесі облыс бойынша да өзекті. Өңірде жалпы бұндай тізімде 47 көппәтерлі үй тұр. Соның 36-ы Өскеменде.
Айбек Салбанов, Өскемен қаласы тұрғын-үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- 2026 жылға төрт үй жоспарланған, бүгінгі күні қаржысы бөлінді. Төрт үйден 21 пәтерді осы жылы сатып аламыз. Апаттық деп танылған пәтерлерге сол үйлерден пәтер беріліп, ескі үйлер бұзылады.
Биылғы тізімге ілікпеген апатты үйдегі өскемендіктерге әлі де күтуге тура келеді. «Бекітілген бағдарлама бойынша алдағы 4 жыл ішінде барлығын жаңа пәтермен қамтамасыз етеміз дейді», - сала басшылары.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов, Дмитрий Пыхтин
Тегтер #апатты үйлер #Риддер #пәтер #Таңдаулы
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz