Қонаевта «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 аумақ абаттандырылады. Соған сәйкес биыл қалада жаңа балалар ойын алаңдары, аллеялар мен серуендеу орындары пайда болады.
Бір айта кетерлігі, тұрғындар соңғы кездері қаланы абаттандыруға қатысты ұсыныстарын жиі білдіре бастаған.
Қонаев қаласындағы бірінші шағынауданда орналасқан 8 үйдің ауласында бұған дейін балаларға арналған жеке ойын алаңы болмаған. Бұл мәселені қала тұрғыны Гүлнар Әжібаева жиі көтеріп келген еді. Ол бос жатқан аумақты байқап, көршілерінің қолын жинап, «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында өтінім берді. Тұрғынның бастамасы қолдау тапты. Соның арқасында қазір балалар жаңа ойын алаңында алаңсыз ойнап жүр.
Гүлнар Әжібаева, қала тұрғыны:
- Үйіміздің алдында ойын алаңын салатын орын жоқ. Содан кейін өзім қарап таптым, екі үйдің ортасында бар екен. Көршілердің бәріне барып, 8 подъезд, 103 пәтер, соның барлығынан өтіп шығып, әкімдікке жаздым. Соны бекітіп, міне, мына жерге қойды. Енді міне, балаларымыз ойнап жатыр, бәрі жақсы. Бәрі қуанып, рақметін айтып жатыр.
Қала тұрғындары тарапынан аталған жобаға қатысу үшін 18 өтінім түсті. Нәтижесінде ең көп дауыс жинаған 16 бастама жоспарға енді. Оларды жүзеге асыруға 500 миллион теңге бөлінген. Алдағы уақытта қалада балалар ойын алаңы, аллеялар және шағын серуендеу орындары абаттандырылады.
Дархан Батырша, Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:
- Биылға бізде 16 жобаны іске асыру жоспарда, қазіргі таңда жүзеге асып жатыр. Ең көп дауыс жинаған – 1 шағын аудан, 8 үйдің балалар ойын алаңы және де мүгедектігі бар адамдарға арналған алаң салу. Осы жобалар бізде ең жоғары дауыс жинады. Қазіргі таңда саяжайда аллея салып жатырмыз, одан бөлек, үй жануарларына арналған парк салынады және футбол ойын алаңы жасалып жатыр.
Қонаевта жыл сайын қаланы абаттандыруға қатысты ұсынылатын жобалар саны артып келеді. 2024 жылы тұрғындар 10 бастаманы қолдаса, былтыр 15 жобаны таңдаған.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Хабар 24 #Қонаев #ойын алаңы #аббаттандыруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz