Алматы, Ақтөбе облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларында жылыту маусымына дайындық жұмыстары тиісті деңгейде атқарылмай отыр.
Жауаптылардың жауапты кезеңдегі сылбыр әрекетін бүгін үкімет басшысы сынға алды. Олжас Бектенов аталған аймақ әкімдеріне бірқатар ескертпе айтты. Әлеуметтік нысандар мен денсаулық сақтау мекемелерін қысқа қамдау қауырт атқарылсын деп пәрмен берді.
Қыс қыр астында. Демек өңір әкімдерінің басты міндеті – жылу нысандарын толық дайындап, қарашаны қыста қалтыратпау. Білім беру нысандары бойынша жоспарлы жұмыс елдегі 8 аймақта ойдағыдай орындалыпты. Ал қос облыс Алматы мен Ақтөбе бұл шаруаны кідіртіп тұрған көрінеді. Сала министрінің сөзінше, денсаулық сақтау нысандары бойынша да осындай көрініс. Емдеу мекемелерін қысқа әзірлеу ісінде Шымкент пен Алматы қаласында іркіліс бар.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Бүгінгі таңда 10 913 білім беру нысанының он 10 693-і дайын, бұл 98%-ды құрайды. 8 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті. Жоспардан Алматы мен Ақтөбе облыстары қалып отыр. Денсаулық сақтау нысандары бойынша да осындай жағдай қалыптасқан. Бүгінгі таңда дайындық 98%-ға жетті, яғни 5 394 нысанның 5 281-і дайын. 6 өңірде дайындық көрсеткіші 100%-ға жетті. Төмен көрсеткіш Шымкент пен Алматы қалаларында байқалуда.
Тұрғын үйлердің жылыту маусымына дайындығы бойынша да тірлігі тұралап тұрған өңірлер бар. Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында дайындық деңгейі төмен. Ал бұл істе Түркістан облысы жарады. Жауапты кезеңге тас түйін дайын. Жалпы биыл халықтың көмірге қажеттілігі – 7,3 млн тонна. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық сектор үшін – 1,6 млн тонна, халық үшін – 5,7 млн тонна. Қатты отын тапшылығы болмайды, - дейді жауаптылар.
Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:
- Өңірлік электржелілік компаниялардың электр желілерінде жалпы ұзындығы 17,1 мың шақырым электр беру желілерін және 444 қосалқы станцияны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда электр беру желілерінің 91% және қосалқы станциялардың 84% жөндеу аяқталды. Жылумен жабдықтау желілерінде 377 шақырым жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоcпарланған.
Биыл электр станцияларында 9 энергия блогын, 55 қазандықта және 51 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бұл бағытқа бөлінген қаржы көлемі айтарлықтай өсіпті. Биыл қазынадан 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылдан 9 пайызға жоғары. Бөлінген әр тиынды тиімді пайдаға жарату қажет. Жиында үкімет басшысы сылбыр жұмыс істеп жатқан атқа мінерлерге біраз сын айтты. Жылыту желісін жөндеу мерзімдерінің кешігу қаупі бар аймақтарға қарқынды арттыруға пәрмен берді. Дайындық барысын кемшіліксіз өткеру керектігін тағы бір мәрте ескертті.
Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Мадияр Қындыбаев
Тегтер #Хабар 24 #жылыту маусымы #дайындық #нысанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz