RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан ішкі әуе рейстерін көбейтіп жатыр

25.08.2026, 19:19 35

Елдің әуе торабында ішкі рейстер арқылы қарым-қатынас пен алыс-беріс жанданады.

Бүгінде 3 әуежай терминалы іске қосылып, нысандардың жалпы өткізу қуаты 6,5 есе артты. Сондай-ақ бірқатар аймақтың әуе айлағы қайта жаңартудан өтті. Қазір 3 әуежайдың құрылысы жүріп жатыр. 

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Бұл жуырда ғана іске қосылған жаңа әуе рейсінің алғашқы жолаушылары. Мемлекет басшысы ішкі туризмді және шалғай өңірлердің өзара байланысын дамытуды тапсырған. Ел Үкіметі Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталғанын хабарлады. Астанадан моноқалаға бағытталған бірінші рейс 22 тамызда ұшып шықты. Өңір үшін маңызды оқиғаға тұрғындар ризашылық білдірді.

Батырбек Ахметов, Қостанай облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Соңғы жылдары жасалып жатқан Арқалыққа орасан зор жұмыс мынау «Орталық-Батыс» жолының басталуы, аэропорттың ашылуы, вокзалдың биыл жөнделуі көп шаруа істеліп жатыр. Халық үшін де, іскер азаматтар үшін де әр уақытта да өздерінің уақытын тиімді пайдалануға самолеттің өте септігі зор.

Сонымен қатар Павлодар әуежайы ұшу-қону жолағын кеңейтіп, жұмысын қайта жандандырды. Ауқымды жобалар аясында елордалық әуежайдың магистральдық ұшу-қону жолағы, Балқашта терминал ғимараты күрделі жөндеуден өтті. Кейінгі үш жылда жеке инвестициялар есебінен Алматы, Қызылорда мен Шымкентте жаңа терминал кешендері салынды. Нәтижесінде жолаушылар ағыны 3 жарым млн-нан 23 млн-ға дейін ұлғайды.

Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:

- Келесі кезең біз әуежайдың өзінің аэровокзалын реконструкияға кірісеміз. Одан басқа Шымкент, Ақтөбе және де Маңғыстау бағыттарында рейс ашылуы көзделген.

Үржардағы жолаушылар терминалы келер жылы қайта жаңғыртудан соң тапсырылады. Өңіраларық қарым-қатынаспен қатар, жергілікті туризмнің дамуына қарқын беру міндеті қойылып отыр. Қатон-Қарағай, Зайсан, Кендірлі курорттық аймақтарында үш әуежайдың құрылысы басталған. Жаңа нысандарды жыл соңына қарай пайдалануға беру жоспарлануда. Жарты жылда әуе жолаушыларының саны 2,6%-ға артты. Қазақстандық авиакомпаниялар 6 айда 7 млн 400 мың адам тасымалдады. Бүгінде азаматтық авиация паркі 111 ұшақпен қамтылса, жыл соңына дейін тағы 6 әуе кемесімен толығады.  

2026 ж. І жартыжылдық

Жолаушы - 7,4 млн

Өсім - 2,6%

Авиация паркі - 111 ұшақ

2026 ж. - 6 ұшақ

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz