RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

800-ден астам көлік заңсыз тіркелген: Алматы облысында 17 адам сотталды

26.08.2026, 09:52 56

Алматы облысында 800-ден астам көлікті заңсыз тіркеген ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі сотталды. Олар мемлекетке 6,6 млрд теңгеден астам тіркеу және утиль алымын төлемей келген. Сотталғандарға 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, қылмыстық схема екі жыл бойы жұмыс істеген. Алдымен техникалық регламент талаптарын бұза отырып Қазақстанға әкелінген 642 жүк көлігі заңсыз тіркелген.
Кейін қылмыстық топ жеңіл көліктерді тіркеудің басқа тәсіліне көшкен. Заңсыз әкелінген машиналарға Қазақстанда бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған көліктердің VIN-кодтары берілген. Осылайша тағы 209 көлік заңды көлік ретінде рәсімделген.

Схемаға полиция қызметкерлері, мамандандырылған ХҚКО мамандары мен нотариустар да тартылған. Олар ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, жалған тұлғаларға сенімхат рәсімдеуге көмектескен.

Мемлекетке төленбеген алғашқы тіркеу алымының көлемі 5,4 млрд теңге, ал утиль алымы 1,2 млрд теңге болған.
Тергеу кезінде көлік иелері алғашқы тіркеу алымдарын өз еркімен төлеп, бюджетке 1 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылды.

Сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұдан бөлек, бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салынды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz