RU
Толық нұсқаға өту

Таразда жол белгілері жаңғыртылып жатыр

26.08.2026, 11:10 43

Жыл басынан бері Жамбыл облысында балалардың қатысуымен 300-ден астам жол апаты болды. Жол қауіпсіздігіне жауаптылар ахуалға алаңдап отыр. Қазір өңірде алдын алу шаралары күшейтілді.

Оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. «Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды міндет», - дейді мамандар. Ол үшін біраз мектептің айналасындағы жол белгілері жаңартылды.

Жаңа оқу жылына ата-анамен қатар,  полиция да дайындалып жатыр. Құзырлы орган қызметкерлері облыстағы 531 білім беру мекемесінің айналасындағы жолдарға мониторинг жүргізді. Арнайы топ 481 рет тексеруге шықты. Нәтижесінде жол таңбаларының ескіргені, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтардың болмауы сияқты кемшіліктер анықталды. Одан бөлек, жолдардың бойы жарықтандырылмаған.  Тараз қаласының өзінде 2 мыңнан астам кемшілік тіркелген.

Әсет Оспанов, облыстық ПД бастығының орынбасары:

- Анықталған кемшіліктер бойынша жергілікті атқару органдарына 242 нұсқама жолданды. Анықталған кемшіліктер бойынша нұсқамалар енгізіледі. Бір ай ішінде осының бәрі жойылу қажет. Бірақ жойылмаған кезде осындай фактілер бойынша лауазымды адамдардың жауапкершілігі қарастырылған.

Олқылықтарды жою мақсатында 1323 жол белгісі орнатылды.  Ескірген 750-ден аса белгі жаңартылып, 190 жаяу жүргіншілер жолағы қайта сызылды.

Аймақта жол белгілерін жаңғырту жұмыстарының 90 пайызы аяқталды. Қазір біз Тараз қаласындағы «Тараз Арена» спорт кешенінің алдында тұрмыз. Мұнда жаяу жүргіншілер жолағы жаңартылып жатыр. Бұл – аса маңызды жұмыстардың бірі. Себебі спорт кешеніне күн сайын мыңға жуық жасөспірім келеді

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық білім мекемесіне 730 полиция қызметкері бекітілді. Олар балабақша, мектеп пен колледждердегі тәртіпті қадағалайды. Одан бөлек, мектептердегі бейнебақылау жүйесі облыстық жедел басқару орталығына қосылып жатыр. Енді тәртіп сақшылары білім ордаларындағы құқық бұзушықты дер кезінде анықтай алады.

Саясат Есімбеков, облыстық ПД жедел басқару орталығының аға инспекторы:

- ІІМ тапсырмасына сәйкес облыс аумағындағы барлық мектептердегі бейнебақылау камералары 100 пайыз толықтай жедел басқару орталығына қосылу процесі жүргізілуде. Онлайн барлық мектептерді бақылап құқық бұзушылықтардың, буллингтің алдын алып тез арада әрекет жасауға мүмкіндік береді.

Мектеп камераларына бет-жүзді тану функциясы да қосылды. Балаларға қауіп төндіретіндей жағдай тіркелсе, жүйе жедел хабарлама береді. Алдағы уақытта камералар арқылы өрт, буллинг және басқа да құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтау мүмкіндігін енгізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz