Павлодар мұнай-химия зауыты АИ-95 және АИ-98 маркалы бензиннің сапасына қатысты тексеру нәтижесін жариялады, деп хабарлайды 24KZ.
Автомобиль бензинінің сақталған арбитраждық сынамалары 25 тамызда SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасында зерттелген. Сараптама қорытындысы бойынша сынамалардың МЕМСТ 32513 талаптарына сәйкес келетіні расталды.
Зауыттың мәліметінше, тексеруге әр партиядан алдын ала алынып, пломбаланған арбитраждық сынамалар жіберілген. Олар арнайы қоймада 45 тәулік сақталады. Өнім сапасына қатысты дау туындаған жағдайда осы сынамалар қайта зерттеледі.
Кәсіпорын тәуелсіз зертхана қорытындысына сүйене отырып, АИ-95 және АИ-98 бензинінің жөнелтілген партиялары Кеден одағының техникалық регламенті мен МЕМСТ 32513-2013 талаптарына сәйкес екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов АИ-95 және АИ-98 бензинінің сапасына қатысты азаматтардан шағым түскенін айтқан. Оның сөзінше, жанармай құю станциялары мәселені мұнай өңдеу зауыттарынан көрсе, зауыт өкілдері, керісінше, жанармай бекеттеріне сілтеме жасаған.
Осыған байланысты министрлік өкілдері Павлодар мұнай-химия зауытына тексеру жүргізуге барған. Сол кезде министр бензин өндіру барысында ақау кетуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған еді.
Зауыттың қазіргі мәлімдемесі кәсіпорыннан жөнелтілген бензиннің сақталған сынамалары сапа талаптарына сай болғанын көрсетеді. Ал жанармай құю бекеттеріндегі бензин сапасына жүргізілген тексерулердің нәтижесі әзірге жарияланған жоқ.
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz