Шымкентте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында заңсыз қоқыс үйінділері жойылып жатыр.
Экология департаментінің бастамасымен қала іргесіндегі «Жұлдыз» тұрғын алабынан 70 тонна құрылыс және тұрмыстық қалдық шығарылды. Игі іске коммуналдық қызметкерлер мен еріктілер бір кісідей жұмылып, белсенділік танытты. Мамандардың айтуынша, биыл осындай бейберекет төгілген 20 орын анықталған. Ал ғарыштық геопортал түсірілімдері арқылы тағы отызға жуық заңсыз қалдық орны белгілі болды. Айта кетейік, қоқыс үйінділерін дер кезінде тазаламағаны үшін Еңбекші және Әл-Фараби аудандары әкімдіктерінің бірқатар қызметкері жауапкершілікке тартылды.
Дүйсен Құлтілеуов, қалалық Экология департаменті басшысының орынбасары:
- Мұндай қоқыс орындары қаламыздың көркіне кері әсер етеді. Осы маңда тұратын тұрғындарға да зиянын тигізіп жатыр. Осыған байланысты түрлі ұсыныстар айтылып жатыр. Олардың қатарында камера орнату, жолды жабу, топырақ төсеу сияқты шаралар бар. Мәселен, заңсыз қоқыс тастайтын орындарға апаратын жолды жабу бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тегтер #Таза Қазақстан #Шымкент #экологиялық акцияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz