Түркияда такси нарығы қымбаттап барады. Сары түсті көліктердің қызметі тұрғындардың қалтасына салмақ түсіріп отыр.
Бұған кәсіпке келгісі келетіндер үшін такси нөмірінің қымбаттауы себеп. Әсіресе Анкарада такси жүргізушісі болу үшін миллиондаған лира қаржың болу қажет.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Анкараның қым-қуыт тіршілігінде такси – қала қонақтары мен тұрғындардың жиі жүгінетін көлік түрі. Әсіресе уақыт тығыз болғанда немесе қоғамдық көлік бағыты қолайсыз болғанда жолаушының таңдауы осы қызметке түседі. Сондықтан такси нарығындағы кез келген өзгеріс қала тұрғындарының қалтасына тікелей әсер етеді. Алайда бұл қызметтің жолаушы біле бермейтін өз ерекшеліктері бар. Такси жүргізушісі болу үшін көлік сатып алудың өзі жеткіліксіз. Арнайы такси нөмірін иелену қажет. Ал бұл қомақты қаржыны талап етеді.
Бұл – Анкара орталығындағы ең үлкен такси тұрағы. Мұнда 2200-дей көлік тіркелген. Барлық таксидің қозғалысы камера жүйесі арқылы бақыланады. Жалпы шаһар бойынша 7700-ден астам сары түсті такси жолаушыларға қызмет көрсетеді. Алайда мәселе көліктің санында емес. Такси қызметін ұсыну үшін ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеліп, Т сериялы нөмір сатып алу қажет. Ал оның құны біздің ақшамен 100 млн теңгедей болады. Оны тек қалтасы көтеретін адам ғана ала алады. Сол себепті бұл кәсіп көбінесе атадан балаға мұра болып қалады.
Кадим Бичер, такси көлігінің иесі:
- Қазіргі такси көлігі иелерінің арасында осы кәсіпке келу үшін үйін, жерін, тіпті ата-анасынан қалған мұрасын сатқан адамдар бар. Несие алып, қарызға батып, такси лицензиясына қол жеткізгендер де аз емес. Мен көлік иесі болсам да, күнделікті 8 сағат жұмыс істеп, кейін таксиді жалдамалы жүргізушіге беремін. Осылайша, бір көлік арқылы екі, кейде үш отбасы күн көріп отыр.
Такси иесінің шығыны нөмірді сатып алумен шектелмейді. Көлікті күтіп ұстау, сақтандыру, техникалық тексеру, салық пен жанар-жағармай – бәрі кәсіп иесінің мойнында. Түскен табыстың едәуір бөлігі осындай шығындарға кетеді. Оның үстіне жалдамалы жүргізушінің еңбекақысы тағы бар. Ал шопырлардың табысы тұрақты емес. Күніне сегіз сағат жұмыс істегенімен, бар болғаны мың лира, яғни шамамен 10 мың теңге ғана пайда көреді.
Мухиттин Ялдыз, жалдамалы такси жүргізушісі:
- Түскен қаражаттан жанармай шығыны шегерілгеннен кейін, оның 30 пайызын аламын. Кейде қолыма шамамен мың лирадай тиеді. Зейнеткермін. Қазір күн көру қиын. Бұрын такси жүргізушілерінің жағдайы жақсырақ еді. Уақыт өткен сайын қиындап барады. Заңсыз жолаушы тасымалымен айналысатын қызметтердің көбеюі біздің жұмысымызға кері әсерін тигізіп отыр.
Ал жолаушының талабы басқа. Олар үшін ең маңыздысы – қолжетімді баға мен сапалы қызмет. Бұлай деуге негіз бар. Өйткені такси тарифі бір жылда айтарлықтай өсті. Жол ақысы 650 теңгеден басталады. 2 шақырымдай жерге кемі 2 мың теңге төлейсіз. Бұл тұрғындардың қалтасына салмақ салады.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Такси қызметінің бағасы – жолаушы үшін жай ғана жол ақысы емес. Оның астарында такси нөмірінің құны, кәсіп иесінің инвестициясы, жүргізушінің еңбегі мен күнделікті шығыны жатыр. Ал осы шығындардың барлығы мен жолаушының мүддесі арасында тепе-теңдіктің болуы – басты мәселе.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева
Тегтер #Түркия #такси #нарық
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz