Ақмола облысында биыл егін түсімі жылдағыдан жоғары. Гектарынан 40 центнерге дейін өнім алып жатқан шаруашылықтар бар. Астықтың сапасы да жақсы,-дейді диқандар.
Қазір өңірдегі егіс алқаптарының 34 пайызы жиналды.
Шортанды ауданындағы мына шаруашылық биыл 40 мың гектар жерге дәнді-дақыл сепкен. Басым бөлігі бидайдың үлесінде. Жер емген диқандар егіннің жартысын жинап үлгерген. Дайын өнім бірден элеваторларға жеткізіліп жатыр.
Рәзия Ханапина, агроном:
- Қазір біз бидайдың 54 пайызын орып алдық. Сапасы жақсы. Келер жылға тұқым қорын дайындап қойдық. Астықтың қамырлылығы 30 пайыздан асады.
Қамба толса, мемлекеттік қолдаудың да ықпалы зор-дейді диқандар. Биыл да шаруалар дала жұмыстарына қажетті қаржыны дер кезінде алды. Мыңнан астам шаруаға жеңілдетілген несиеге берілді. Олардың қатарында «Петровское» қожалығы да бар.
Бекзат Анарбайұлы, «Петровское» АҚ Басшысы:
- Екі жыл қатарынан екі миллиард жобасында несие алып отырмыз. Уақытында егінімізді салып, жанармайымызды алып, басқа да керек заттарды алып, мемлекет тарапынан өте жақсы қолдау болып жатыр.
Қазір өңірде 67 элеватор тәулік бойы жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында 500 мың тонна жиналды. Бұдан бөлек, жалпы сыйымдылығы 7 млн тонна болатын мың жарымға тарта астық сақтау қоймасы бар.
Ренат Қасенов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Элеваторларға түсіп жатқан бидайдың 70 пайызы жоғары сапалы бидай. Көрсеткіштерге қарағанда хайпро деген көрсеткішке келіп тұр. Кейбір аудандар да одан да жоғары өнімділік жүріп жатыр. Ол Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Бұланды аудандарында.
Егін ору науқынына облыс бойынша 14 мыңға жуық техника жұмылдырылды. Астықты еш қиындықсыз қамбаға құю үшін Үкіметтен 81 мың тонна арзандатылған жанар-жанармай бөлінді.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Ақмола #диқандар #егін #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz