RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-дағы Сәуле ауылында жаңа мектеп салынды

27.08.2026, 21:40 30

Жаңа оқу жылы қарсаңында Батыс Қазақстан облысында 8 мектеп ел игілігіне пайдалануға берілмек. Соның алғашқысы бүгін Қаратөбе ауданының Сәуле ауылында ашылды.

60 орындық білім ордасы КПО компаниясының әлеуметтік жобаларға бөлген қаржысы есебінен бой көтеріпті. Құрылыс құны 1 млрд 300 миллион теңге. 

Сәуле ауылы - Қаратөбе ауданындағы Саралжын округіне қарасты шағын елді мекен. 400-ге жуық тұрғыны бар қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл.  Бұрын балалар 70 жылдары салынған көне ғимаратта оқыпты. Тозығы жеткен мектепте сапалы білім, саналы тәрбие алуға еш мүмкіндік жоқ еді. Енді ол қиындық артта қалды. Шәкірттер жарық та сәулетті білім ордасында тәлім термек.

Лида Сариева, Жақсыбай негізгі орта мектебінің директоры:

- Физика, химия кабинеттері зертханасымен қазіргі жобада жасақталған, өте керемет. Бұрын мұндай мүмкіндіктер болған жоқ. Қазіргі таңда оған қол жеткізіп отырмыз. Өте қуаныштымыз.

Қымбат Бердіғалиева, ауыл тұрғыны:

- Қуанышымызда шек жоқ. Балаларымыз осы мектепте білім алып, тарыдай болып кіріп, таудай болып шықса бізге сол қуаныш, сол бақыт!

Жаңа оқу жылына дейін Батыс Қазақстан облысында 60 және 108 орындық 8 шағын жинақты мектеп тапсырылмақ. Сәуле ауылындағы білім ордасы соның алғашқысы. Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауылдық жердегі білім беру инфрақұрылымын жаңғыртудың маңыздылығын атап өтті.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- Осы жерде балалардың сапалы білім алуына. барлық жағдай жасалған мектеп. Яғни қаладағы мектептер мен ауылдағы мектептің сапасы алшақтық болмауы керек деп Мемлекет Басшысы айтып жатыр. Міне, осы жағдайларды біз жасап жатырмыз. Қаратөбе ауданында қазір бір ғана мектептің мәселесі қалды шешілмеген. Қалған мектептердің мәселесін шештік деп айтуға болады. 

Соңғы үш жылда өңірде 30 жаңа білім ордасы бой көтеріпті. Осы арқылы апатты мектептер саны айтарлықтай азайған.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz