RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында теміржол вокзалы пайдалануға берілді

28.08.2026, 14:30 148

Абай облысында Дегелең теміржол вокзалы жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Жаңа нысанның аумағы бұрынғы ғимаратпен салыстырғанда төрт есеге ұлғайған. 

Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасының аясындағы жоба. Республика бойынша 124 теміржол вокзалын жаңарту жоспарланса, оның 10-ы Абай облысында орналасқан. 

Дегелең станциясындағы ескі вокзал ғимаратының орнына заманауи нысан бой көтерді. Бұған дейін 85 шаршы метр болған вокзалдың аумағы 300 шаршы метрге дейін кеңейтілді. Ғимараттың ішкі кеңістігі де толық жаңартылған. Жолаушыларға арналған күту залы мен қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болуына ерекше мән берілген.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік және логистика саласының әлеуетін арттыруға, теміржол инфрақұрылымын жаңғыртуға және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға ерекше мән беріп келе жатыр.Осы міндеттерді іске асыру мақсатында Абай облысында 10 теміржол вокзалын қайтадан жаңғыртып, жаңа қалпында халыққа беру тапсырмасы болған.

Дегелең станциясы арқылы бірнеше бағыттағы жолаушылар пойызы қатынайды. Атап айтқанда, Өскемен – Астана, Семей – Астана, Алматы – Павлодар және Семей – Ақтау бағыттарындағы құрамдар осы жерден өтеді. 

Кәрипа Даутова, теміржол вокзалының қызметкері:

- Бұрыңғы ескі возалымызда да жұмыс істедік. Қазіргі мынадай керемет ғимаратты салып берген басшыларға рақметімізді айтамыз. «Теміржолдың бойында, еш нәрсе жоқ ойымда» деп жүргенде мынадай вокзалды көрген керемет енді.

Айта кетейік, Абай облысында жалпы 10 теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Маусым айында Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станцияларының жаңартылған вокзалдары пайдалануға берілді. Ал жақын күндері Мақаншы ауданындағы Жалаңашкөл, Жарма ауданындағы Шар, Жарма және Үшбиік станцияларында жаңартылған вокзалдар ашылады. 

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz