RU
Толық нұсқаға өту

Қазақ дәрігері көз емдеудің әлемде жоқ тәсілін ойлап тапты

28.08.2026, 18:00 22

Қазақстандық дәрігер көз емдеудің тың тәсілін ойлап тапты.

Ол кванттық физиканың мүмкіндіктерін қолданып соқырлықты ерте кезеңде анықтайтын құрылғы жасап шығарды. Оның бұл жаңалығы әлем ғалымдарының назарын аударып отыр. Қазір Мұхит Құлмағанбетов жобасын Гонконгта жетілдіру үстінде.

Мұхит Құлмағанбетов, ғалым-дәрігер /офтальмолог/:

- Бұл жерде біз екі түрлі жарық сәулелерін пайдаланамыз. Біреуі поляризацияланған, екіншісі поляризацияланбаған. Екеуі мына бимспектрда кездеседі да оны суперпозция дейміз. Әрі қарай мына фильтр, сосын айрис арқылы өтіп сәуленің фазасын өзгертеміз да мына линза арқылы адамның көзіне жібереміз. Және осы жарықты көрген адам макулярлы дегенерациясы жоқ деген сөз, ал егер көре алмаса макулярлы дегенерацияның ерте кезеңі басталған дегенді білдіреді. Осы жүйені біз аламыз да қысқартып міне мынандай ретінде құрастырамыз. Осының жақында патентін алдық. 

Көз түбінің зақымдануын ерте кезеңде анықтайтын құрылғы осы. Макулярлы дегенерация дүниежүзінде 300 миллионнан астам адамда кездесетін дерт. Мұхит оны анықтаудың әдісін ойлап тауып айды аспаннан бір-ақ шығарды. Бүгінде әлемнің үздік ғалымдарымен бірлесіп жұмыс істеп әбден жетілдірді. Қазір Гонконг пен Канада клиникаларында сынақтан өткізіліп жатыр. Қазақ баласының кванттық технологиясы алғашқы жемісін бере бастады. Жаңа құрылғымен тәжірибе ретінде 200 адамның көз жанары тексерілді.

Мұхит Құлмағанбетов, ғалым-дәрігер /офтальмолог/:

- Бұл аурудың ерте диагностикасы Қазақстанда жоқ. Қазақстан түгілі басқа елдерде де жоқ. Егер осыны алып барсақ, біздің елде бүкіл мемлекеттік деңгейде массовый скрининг жасауға болады. Белгілі бір ауыратын науқастардың алдын ала диагностика жасауға болады. 

Ғалым-дәрігер бірнеше жыл бойы Гонконгте бір жобаның соңында жүрмепті. Жеке зерттеу жасап кванттық физиканың тағы бір мүмкіндігін ашты. Ол миопия дертін анықтап түбегейлі емдеудің амалын тапқан. Қазір алыстан көрмеушілікті тоқтататын құрылғыны өзі құрастырып жатыр. Бірақ әзірге патентелмепті.

Мұхит Құлмағанбетов, ғалым-дәрігер /офтальмолог/:

- Кванттық оптиканы пайдалана отырып осы жақында жаңа идея туды. Сол жүйені құрастырып жануарларға эксперимент жасап көрдім. Қорытындысы өте жақсы шықты. Технологиялық детальдарымен бөлісе алмаймын. Оның жүйесін жартылай құрастырып қойдық. Сіздің артыңызда жатыр. Әрі қарай оның сыртқы келбетін және бірінші эксперименттерімізді бастасақ, клиникалық ол да қол жетімді болуы мүмкін. Оның бір жақсы жері тек қана диагностика емес, ол емге арналған. 

Әлемде кванттық физиканы офтальмология саласында ешкім қолданып көрмеген. Ғылымға тұңғыш рет қазақ ғалымы енгізіп отыр. Оның жаңалығы дүниежүзіне таралып қазір АҚШ, Еуропа, Қытай, Канада, Жапония елдерінен түрлі ұсыныстар түсуде. Бірақ ғалым Құлмағанбетовтың өз жоспары бар. Жуырда Астанадан офтальмологиялық орталық ашып, клиникалық бағытпен қатар ғылыми инновациялық жобаларды да жүзеге асыруды көздеп отыр.

Руслан Бақытбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz