Қостанай облысының Рудный қаласында тұратын Анатолий Бескоровайный қырық жыл ғұмырын кен өндірісне арнаған.
Соколов шахтасында алғаш қайла салғандардың бірі. Қазір жасы 60-ты орталап қалса да, кен өндіру ісінен қол үзген жоқ.
Кезекті ауысым. Әдеттегідей Анатолий Бескоровайный киімін ауыстырып, керек-жарақтарын алып, күту залына бет алды. Мына бақылау тақтасына әр шахтер жеке темір нөмірін іліп кетеді. Бұл жер астында қанша адам бар екендігін, қаншасы әлі шықпағандығын біліп отыру үшін маңызды. Күту залында отырғандардың жүздерінен үлкен бір іс алдындағы жинақылықты, байсалдылықты байқайсың.
Анатолий Бескоровайный, өздігінен жүретін техниканы пайдалану учаскесінің басшысы:
- Бұл жерде шахтаға түсетін жеделсатыны күтеміз. Кезекті бригада 10-15 минут бұрын осында жиналады. Тапсырма, міндеттер талқыланып, алдағы жұмыс күніне өзімізді дайындаймыз.
Қоршаулы кең лифті секундына 5 метр жылдамдықпен төмен қарай құлдыйлай жөнелді. Жерасты қойнауына алғаш бойлаған адамның құлағы бітеліп, өзін жайсыз сезінеді екен.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қазір біз жер бетінен 500 метр тереңдікте жүрміз. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 200 қабатты үйдің биіктігімен тең жеті қабат жер астындамыз. Ұңғылап қазылған үңгір көп. Жол бастаушың болмаса, адасып кетуің мүмкін.
Жарты ғұмырын жер астында өткізген Анатолий Бескоровайный ұзындағы 30 шақырымнан асатын шахтаның ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай біледі. Қарамағында 40 адам жұмыс істейді.Бірі бұрғылап, бірі тасып, бірі тиеп жатады. Анатолий Петрович күніне 4-5 шақырымды жаяу жүріп, сол әр бригаданы аралап шығады.
Ғабиден Пірлешов, кенші:
- Әкелік қамқорлықпен қарайды біздерге. Білмегенімізді үйретеді. Қалай жұмыс істеу керектігін, абайлап істеңдер, көздеріңе қараңдар, денсаулықтарың керек деп айтады. Біз өз ортамызда, бригадамызда бастығымызды Петрович деп атаймыз.
Шахтер мамандығы жоғары қауіп-қатермен байланысты болғандықтан ба, мұндағы сыйластық ерекше сипатқа ие. Бұл жұмысқа тек жігіттердің жігіті ғана шыдайды-дейді ардагер кенші.
Анатолий Бескоровайный, өздігінен жүретін техниканы пайдалану учаскесінің басшысы:
- Бұл жерде тек төзімді, тиянақты адамдар жұмыс істейді. Қажет кезде бір-бірін алмастыру үшін, бірнеше мамандықты меңгеруі шарт. Кеншілер алпинистер сияқты бір-бірін ешқашан қиындықта тастамайды. Сондықтан қасындағы серігіңнің сенімді болуы маңызды.
Бүгінде Соколов шахтасында бір мыңнан аса адам жұмыс істейді. Соның 800-і кенші. Олар ерекше дәстүрі мен мәдениеті қалыптасқан кәсіби қауымдастық десе болады.
Павел Раков, Соколов шахтасының басшысы:
- Шахтерлар арасында ұрпақтар сабақтастығы қалыптасқан дәстүр. Бізде бірнеше шахтерлер әулеті бар. Келген әр жас маман міндетті түрде тәлімгерлер мектебінен өтеді. Менің өзім кезінде Анатолий Петровичтен көп нәрсе үйрендім.Соколов шахтасы кеншілерінің басым бөлігі сол кісінің тәлім-тәрбиесін алды десем артық айтқандық емес.
Елу жылдық тарихында Соколов шахтасынан 100 миллион тонна темір кені өндірілді. Әлі 900 миллион тоннаға жуық қор бар екен. Сондықтан мұнда ұрпақтар сабақтастығы ұзақ жылдарға жалғасары анық.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #кенші #Қостанай облысы #Рудный #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz