Қарағанды облысында "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды.
Биыл облыстық додаға 100-ден астам отбасы қатысып, үздік 26 шаңырақ ақтық кезеңге жолдама алды. Қазылар алқасы жеңімпаздарды отбасы құндылықтары, ұрпақтар сабақтастығы, қоғамдық белсенділік пен бала тәрбиесіне қосқан үлесіне қарай анықтады.
Достық үйінде облыстың әр түкпірінен келген өнегелі отбасылар бас қосты. Олардың қатарында шахтерлер, мұғалімдер, дәрігерлер және еңбек әулеттері бар. Байқаудың басты мақсаты -отбасы институтын нығайтып, өнегелі шаңырақтардың тәжірибесін көпке үлгі ету.
Руслан Кенжебеков, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:
- 2014 жылдан өткізіліп келе жатқан бұл жоба отбасы институтын нығайтуға, өнегелі дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Өйткені үлкенді сыйлау, жауапкершілік пен еңбекқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік сияқты басты құндылықтар ең алдымен шаңырақта қалыптасады.
Үздіктерді мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған арнайы комиссия бағалады. Әр отбасының жетістігі ғана емес, қоғам өміріне белсенді араласуы мен кейінгі ұрпаққа берер тәрбиесі де ескерілді. Байқау нәтижесінде бас жүлде қарағандылық ғалымдар әулеті- Кернебаевтар отбасына бұйырды. Ғылым мен білімді қатар ұстанған бұл шаңырақ енді республикалық кезеңде Қарағанды облысының намысын қорғайды.
Айдын Кернебаев, байқау жеңімпазы:
- Әрине басында қорқулар болды, толқулар болды. Осы байқауға біз қаншалықты дайынбыз, сәйкеспіз бе деп. Әрине біз барлығымыз жиналдық. Біз әрине дауыс берген, барлық қолдаған адамдардың барлығына рахметімізді айтамыз! Керемет бір бірегейлі жоба деп айта аламын және барлық ұйымдастырушыларға рақметімді айтамын!
Ал әр аталым бойынша үздік атанған отбасылар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар берекелі шаңырақтарды үлгі тұтып, отбасы құндылықтарын дәріптеуге сеп болады.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #Қарағанды облысы #Мерейлі отбасы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz