RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында жедел жәрдем үздіктері анықталады

29.08.2026, 09:20 23

Жамбыл облысында жедел жәрдем қызметінің үздік мамандары анықталып жатыр.

Жедел медициналық жәрдем бригадаларының II республикалық чемпионатына елдің барлық өңірінен және шетелден 27 команда қатысып жатыр. Үш күнге созылатын жарыста мамандар шұғыл жағдайларда медициналық көмек көрсету шеберлігін сынға салады. 

Жарыс «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығының аумағында ұйымдастырылды.  Қатысушылар 3 күн бойы, алты станцияда түрлі тапсырманы орындайды.  Алдымен жансақтау бөлімінде жатқан балалар мен ересектерге ем-дом жасаса, келесі айналымда жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Сондай-ақ жаңа босанған ана мен баланың денсаулығын тексереді. Ал әрі қарай теориялық білімін сынға салады. 

Ажар Қалмаханбет, фельдшер:                      

- Тапсырма берілді, 33 апта, 29 жасар жүктілік. Негізі асқынулар болды. Асқынуы бала туылғаннан кейін дұрыс демала алған жоқ. Жүрек соғу жиілігі өте төмендеп кетті. Сондықтан реанимациялық іс-шаралар жүргіздік. Баланы аман алып қалдық. Барынша көмек көрсеттік деп ойлаймын. Мен бірінші рет қатысып тұрмын. Өзіме ұнады.

Ал «Триаж» станциясында жедел жәрдем қызметкерлері науқастың жағдайын бағалап, медициналық көмектің қаншалықты шұғыл екенін анықтауы керек. Бұл кезеңде мамандардың жылдамдығымен қатар, дұрыс шешім қабылдауы да маңызды.

Ғұмырбек Ағыбаев, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы Оқыту-тренингтік орталығының жетекшісі:

- Жарақат күрделі болады. Әйелдер күнде босанады. Кенеттен жүректің тоқтап қалуы көп болады. Ересектерде де, балаларда да болады. Жедел жәрдемде ең көп кездесетін потологиялық жағдайлар осы. Адамды өлімге әкеп соқтыратын, сол өлімнің себебін түсіру бұл деген өмірлік тәжірибе. Біздің істеп жатқан іс-шарамыздың барлығы жедел жәрдемнің біліктілігін арттырып одан әрі қарай өздерін дамытуға өте көп көмек береді.

Биылғы чемпионатқа Қазақстанның 22 командасымен қатар Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген бес команда қатысып отыр. Бригадалардың жұмысын медицина саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалауда.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz