RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында көпке үлгі кеншілер әулеті тұрады

29.08.2026, 16:40 23

Қарағанды облысында көмір өндірісіндегі жалпы  еңбек өтілі 200 жылға жуықтайтын кеншілер әулеті тұрады.

Жұмағұловтар әулетінің негізін қалаған Жұмағұл Балқаш 40 жыл «Тентек» шахтасында жұмыс істеген. Сол кәсіпорында оның ағасы Наби де 30 жыл маңдай терін төккен. Бүгінде олардың немерелері кенші қайласын қолға ұстап, атадан-балаға мирас болған  мәртебелі мамандықты абыроймен атқарып келеді.

Қазір бұл әулеттен «Қазақстан» көмір шахтасында ағайынды Еркебұлан және Ерлан Жұмағұловтар еңбек етеді. Әкесі Еркебұланның жолын қуып ұлы Диас та осында орналасыпты.  Кеніштегі жұмыс қателікті кешірмейді. Мұнда жауапкершілік, ұқыптылық үнемі  бірінші орында тұрады. Сондықтан тәжірибелі кеншілер жастарды үнемі назарда ұстап, білгенін үйретеді.

Еркебұлан Жұмағұлов, кенші: 

- Жастарға келетін болсақ , шахтада ең бірініші қауіпсіздік сақталсын деп айтамын. Жердің астында жұмыс істеп жүргенде шахтерлер бірін-бірі қолдап жүру керек.

Ерлан Жұмағұловтың  шахтада еңбек етіп жүргеніне 14 жылдан асты. Осы жылдар ішінде ол кеніштегі бірнеше мамандықты меңгеріп, жаңарған техника мен өркендеген өндірістің куәсі болды. Бүгінде ол - тау-кен қазу комбайнының машинисі. Бұл-көмір өндірісінің үнемі алдыңғы шебінде жүретін мамандық иесі.

Еркебұлан Жұмағұлов, кенші: 

- Менің қызметім көмірді шабу. Шауып болғаннан кейін қадағалаймыз. Бір адам қадағалайды, үш адам жұмыс істейді. Жұмыстан кейін аман-есен шығу керекпіз. Бәріміз бір-бірімізге көмектесеміз. Мысалы, звенода 45 адамбыз. Бір-бірімізбен ауысымда кезіккенде сыйластығымыз жақсы.

Ал Диас электр слесарі болып жұмыс істейді. Жоғары оқу орнына түсіп, тау-кен өндірісі бойынша мамандық алуды ұйғарыпты. Оның айтуынша, соңғы екі жылда  шахтадағы қауіпсіздік пен еңбек жағдайын жақсартуға жақсы көңіл бөліне бастаған.  Кеніште қазір әр адам мен жерасты техникасы сандық технологиямен жұмыс істейтін позициялау жүйесінің бақылауында. Бұған қоса  газ мөлшерін анықтайтын , сейсмологиялық өзгеріс туралы белгі беретін датчиктер де қойылған. Алайда мұнымен босаңсуға болмайды, - дейді жас кенші.

Диас Жұмағұлов, кенші:

- Мен қайда келгенімді білдім. Ауыр болатынын да түсіндім, қиын болады. Өйткені шахта әрқайсысының қолынан келмейді. Ол жерге қатты мінез керек.

Сонымен қатар Қарағандыдағы  Ленин атындағы және «Шахтинск» көмір кеніштерінде Жұмағұловтар әулетінің өкілдері- Асхат пен Марат  еңбек етеді. Шахтер мамандығын ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған Жұмағұловтар-маңдай терімен ел игілігіне қызмет етіп келе жатқан осындай өнегелі әулет. Олардың қара жер қойнауындағы қажырлы еңбегі-адалдықтың, батылдықтың және еңбекке деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz