RU
Толық нұсқаға өту
depositphotos.com

1 қыркүйектен бастап қандай өзгерістер болады

31.08.2026, 09:21 406

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда білім беру, цифрландыру және тауарларды таңбалау салаларында бірқатар өзгеріс күшіне енеді, деп хабарлайды «24KZ».

Бастауыш сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланады

2026–2027 оқу жылынан бастап 2–4-сынып оқушыларын бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Бұл ретте критериалды бағалау жүйесі сақталады.

Жаңа тәртіп бойынша формативтік бағалаудың рөлі күшейіп, оның тоқсандық бағадағы үлесі артады. Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі.

Сонымен қатар оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Оның негізгі нысандарының қатарында диктант, бақылау жұмысы, шығарма және мазмұндама болады. Мұндай жұмыстарды орындауға толық сабақ уақыты – 45 минут беріледі. 

Мектептерде жаңа оқу курстары енгізіледі

Жаңа оқу жылынан бастап оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған жаңа міндетті оқу курстары енгізіледі.

Атап айтқанда:

* 5–7-сыныптарда – «Конституция негіздері»;
* 8–11-сыныптарда – «Заң және тәртіп»;
* 5–11-сыныптарда – «Жеке қауіпсіздік».

Сонымен қатар «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны Қазақстан Республикасы Конституциясының талаптарына сәйкес жаңартылады. 

Мектеп бағдарламасына жасанды интеллект енгізіледі

2026–2027 оқу жылында мектеп пәндерінің мазмұны жасанды интеллект бағыты бойынша жаңартылады.

1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып өзгереді. Ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп аталады.

Пәндердің мазмұнына жасанды интеллект бойынша жаңа бөлімдер енгізіліп, барлығы 43 оқу мақсаты қамтылады. Осылайша, жаңа оқу жылынан бастап барлық сынып оқушылары жас ерекшеліктеріне қарай жасанды интеллект негіздерімен танысады. 

Биологиялық белсенді қоспалар міндетті түрде таңбаланады

1 қыркүйектен бастап Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабы күшіне енеді.

Осы күннен кейін өндірілген немесе Қазақстан аумағына әкелінген өнімдер Data Matrix кодымен таңбалануға тиіс.

Ал ББҚ-ны міндетті қадағалау жүйесін іске қосу 2027 жылғы 1 наурызға жоспарланған. Осы күннен бастап өнім айналымы толық электрондық құжат айналымымен сүйемелденіп, тауарды нарық қатысушылары арасында беру кезінде әрбір операция расталуы қажет. 

Шыны бөтелкедегі сыраға цифрлық таңбалау енгізіледі

1 қыркүйектен бастап шыны бөтелкелердегі сыра мен сыра сусындарына міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Осы күннен кейін өндірілген немесе импортталған өнімде Data Matrix коды болуы керек.

Сыра өнімдерін таңбалау кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Кегтердегі өнімді міндетті таңбалау бұған дейін енгізілген. Ал металл банкалардағы сыра мен сыра сусындарын міндетті таңбалау 2027 жылғы 1 қаңтардан басталады.

Павлодар әуежайы жұмысын бастайды

1 қыркүйектен бастап Павлодар әуежайы жұмысын бастайды. Рейстер алдымен Алматы мен Астанаға орындалмақ.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Астана бағытындағы әуе билеттерінің құны ары қарай да субсидияланады. Әзірге баға бұрынғыша 20 мың теңге көлемінде қалады. Бірақ өсуі де мүмкін.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz