Астанада алдағы жылыту маусымына дайындық аясында жылу энергетикасы нысандары жаңғыртылып, жаңа станциялар іске қосылмақ. Биыл ЖЭО-1 мен ЖЭО-2-дегі 24 қазандық пен 9 турбинаны жөндеу жоспарланған. Сондай-ақ «Телман» газ жылу станциясын іске қосу көзделіп отыр. Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Әкімнің айтуынша, елорданы жылыту маусымына дайындау жұмыстары көктемнен басталған. Негізгі міндеттердің бірі – жылу энергетикасы кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және инженерлік инфрақұрылымның сенімділігін арттыру.
Биыл ЖЭО-1-де 10 қазандық пен 3 турбинаны, ал ЖЭО-2-де 14 қазандық пен 6 турбогенераторды жөндеу жоспарланған. Сонымен қатар, жылу желілерінің 7,5 шақырымын күрделі жөндеуден өткізіп, реконструкциялаймыз. Сол сияқты, 67,4 км әуе және кабель желісін, 68 тарату және трансформаторлық қосалқы пунктін, электр желісі инфрақұрылымының өзге де нысандарын жөндеу көзделіп отыр, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
Сонымен қатар елордада жылу өндіру қуатын арттыруға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – «Телман» газ жылу станциясы. Нысанның жылу өндіру қуаты сағатына 620 Гкал болады. Станцияны биыл іске қосу жоспарланған.
ЖЭО-2-де су жылытатын қазандықтарды кеңейту және реконструкциялау жұмыстары да жүргізілуде. Жоба аясында №7 және №8 су жылытатын қазандықтар орнатылады.
Бұл жұмыс жылу қуатын сағатына 360 Гкал-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтарды келесі жылы іске қосу жоспарланып отыр, – деп атап өтті елорда әкімі.
Бұдан бөлек, бекітілген бас жоспарға сәйкес, «Оңтүстік-Шығыс» және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу станцияларын кеңейту бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі нысанның жалпы жылу өндіру қуаты сағатына 940 Гкал болады.
Бұл жобалардың барлығы инженерлік инфрақұрылымның жылу өндіру қуатын арттырып, қажетті резерв қалыптастыруға ғана емес, қаланың тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің сенімділігін арттыруға да мүмкіндік береді, – деп жазды Жеңіс Қасымбек.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24жаңалықтар #Астана #Жеңіс Қасымбек #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz