Жаңа оқу жылы қарсаңында Павлодар облысының шалғай ауылдарында екі бірдей жаңа мектеп қолданысқа берілді.
Оның бірі – Ертіс ауданының Қызылқақ ауылында, екіншісі – Екібастұздың ауылдық аймағына қарасты Атығай елді мекенінде бой көтерген. Жаңа білім ордаларының салтанатты ашылуына ауыл адамдары, педагогика саласының ардагерлері мен ауданның құрметті азаматтары қатысты.
Ертіс ауданының Қызылқақ ауылы облыс орталығынан 300 шақырым қашықта жатыр. Бұған дейін балалар көне ғимаратта білім алды. Жаңа мектепті отыз жыл күткен ауыл адамдарының қуанышында шек жоқ.
Асайын Байханов, Павлодар облысының әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың сөзіне құлақ асу мемлекеттің міндеті деп баса белгіледі. Айтқан сөзді іске асыру біздің жауапкершілігіміз. Білім ордасына бір млрд-тан астам қаржы салынды. Бір қарағанда, бұл – үлкен, қомақты қаражат, бірақ оның шынайы құны әр баланың сапалы білім алуында.
Білім ордасының қала мектептерінен еш айырмашылы жоқ. Заманауи жабдықталған спорт залы, асхана, акт залы, шеберхана, химия-биология, информатика және қазақ тілі кабинеттері бар.
Қуат Усин, мектеп директоры:
- Мектеп 80 оқушы мен 20 балаға арналған шағын орталыққа есептелген. Қажет болса, қосымша оқушыларды қабылдай алады. 20 мұғалім жұмыс істейді: 7 педагог-зерттеуші, 7 педагог-сарапшы, 6 педагог-модератор.
Балалардың білім деңгейі жоғары. Мектеп тарихында 11 түлек «Алтын белгі» иегері атанған. Жаңа мектепте 78 оқушы оқиды. 17 бала шағын орталыққа қабылданды. Қызылқаққа оңтүстіктен қоныс аударушылар қатары артқан. Бұл ауылдың болашағына сенім ұялатады.
Айнұр Бердібекова, көп балалы ана:
- Менің келгеніме бес жыл болды. Бес жылдан асып жатыр. Біз келгелі ауыл өркендеп жатыр. Жаңа үйлер салынып жатыр. Өзім жеті баланың анасымын.
Екібастұз ауданының Атығай ауылында да жаңа мектеп ашылды. Бұрын балабақша ғимаратында білім алған оқушылар жаңа білім ордасына көшті. Жалпы соңғы үш жылда Павлодар облысының 8 ауылында жаңа мектеп бой көтерген.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев
Тегтер #24KZ #мектеп #Павлодар облысы #балалар
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz