Бүгін Өскемен-1 теміржол вокзалы толық жаңғыртылып қолданысқа берілді.
Жалпы аумағы бұрынғыдан 3 есе үлкейтілген ғимаратта енді жолаушыларға қолайлы қызмет көрсетіледі. Осылайша ел президентінің “Теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту туралы” тапсырмасына сай Шығыс Қазақстанда бес бірдей вокзал жаңартылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды. Салтанатты сәтке қатысқан аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, бұл инфрақұрылымдық нысан болашақта өлкенің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Өскемен-1 теміржол вокзалының жаңғыртылуын жергілікті жұрт асыға күтті. Өйткені 88 жыл бұрын салынған ескі нысан тар әрі қолайсыз болған еді. Енді оның орнына заман талабына сай жабдықталған қосқабатты ғимарат бой көтерді. Салтанатты сәтке ардагер теміржолшылар қатысып, ақ батасын арнады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов нысанның ішін аралап, сапасын жоғары бағалады.
Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:
- Туристік әлеуетті дамытатын еліміздің,өңірдің басты қақпасы бұл теміржол бекеттері. Бүгін енді соңғы теміржол возкалы Өскемен қаласындағы қайта жаңғыртылғаннан кейін іске қосылып жатыр. Біз барлық жерлестерімізді,келетін қонақтарды осындай керемет ғимараттың ашылуымен құттықтаймыз.
Мамандардың айтуынша, вокзал бастан-аяқ жаңадан салынды деуге болады. Өйткені бұрынғысы сүріліп, нысан аумағы 3 есеге кеңейді. Ана мен бала бөлмесі ашылып, мүгедектігі бар адамдарға ыңғайлы жағдай жасалған. Күту залдары, асхана, лифт пен көтергіш құрылғылар бар. Жол жөндеумен айналысатын жұмысшылардың жайы да ұмытылмапты.
Абылдабек Сақалбаев, бас мердігер:
- Жол жөндейтін кісілердің демалатын жерлері бар,командировкаға келгендерге со жерде ұйықтайтын жерлері де бар, сонда бәрі қарастырылған.
Жаңартылған теміржол вокзалы жолаушылардың да көңілінен шықты.
Зәуре Қырықбаева, тұрғын:
- Бұрынғы вокзалдың жағдайы нашарлау болатын, мынаны қазіргі жағдайға сай етіп жасаған екен, өте қуаныштымыз.
Алтай, Серебрянск, Риддер, Шемонаиха қаласындағы вокзалдар да жөнделді. Енді екі әуежай құрылысы да аяқталуға жақын. Демек, алдағы уақытта облыстың логистикалық мүмкіндігі жаңа деңгейге көтерілмек.
Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов
Тегтер #Өскемен #теміржол вокзалы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz